Қарағанды облысына оңтүстік өңірлерден көмекке техника жіберіледі

3 Ақпан 2020, 22:38
1710
Бөлісу:
Қарағанды облысына оңтүстік өңірлерден көмекке техника жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында қар тазалау мәселесі күн тәртібінен түспеуде. Қар үйінділерін жоюға барлық күштер жұмылдырылған. Республикалық жолдарды тазалауға қосымша ауыр техника оңтүстік өңірлерден келеді. Бұл туралы аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

Өңірде қысқы күтіп-ұстаумен 2800 шақырым республикалық жол қамтылған. Қазіргі уақытта біздің қызметіміз тәулік бойы жұмыс істеуде. Біз техниканың жетіспеушілігі мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Оңтүстік өңірлерден, Жамбыл және Түркістан облыстарынан қосымша "Қазақавтодор" техникасын тартамыз. Ауыр техника, шнекороторлар, қосымша механизаторлар осы өңірлерден көмекке келеді, - деді "Қазавтожол" ҰК" АҚ облыстық филиалының директоры Серік Айдос.
Оның айтуынша, Қарағандыдан ақылы терминалға дейінгі Нұр-Сұлтан бағытындағы жол учаскесі қазіргі таңда аса күрделі болып отыр.

Қар тазалау және жолдарды күтіп ұстау мәселесі ерекше бақылауда, деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Осы аптаның соңында, 6-8 ақпан аралығында синоптиктер тағы да ауа райының нашарлауын болжауда. Облыста қатты жел соғып, боран басталады деп күтілуде.

Коммуналдық қызметтер, әкімдер дайын болуы керек. Қажетті техника бар. Техника облыстан кетіп қалды деген қауесет таралды. Бұл жалған ақпарат деп айтқым келеді. Бір де бір техника басқа өңірлерге кеткен жоқ. Барлық техника облыста жұмыс істеуде, - деп атап өтті аймақ басшысы. 

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауды қаржыландыруға қатысты түсініктеме берді. Хабарланғандай, бұл мақсатқа облыста 8,2 млрд теңге бөлінген.

Бұл ақша тек қар жинауға ғана емес. Бұл жалпы барлық жолдарға – республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар жолдарға, сондай-ақ көшелерге бөлінген. Республикалық жолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы елде үшінші орында тұр, жергілікті маңызы бар жолдар бойынша бесінші орындамыз. Республика бойынша жалпы пайдаланымдағы жолдар желісі 90 мыңнан астам шақырымды құрайды, оның ішінде 12 мыңнан астам шақырымы біздің облысқа тиесілі. Сондықтан қыруар ақша бөлінген, ол дұрыс игерілмеген және тиісті сапа жоқ дегеніміз дұрыс түсінбеудің салдары екенін түсіну керек. Шын мәнінде қажетті сома норматив бойынша керекті сомадан аз. Бұл бюджет мүмкіндігіне байланысты, - деді облыс әкімі.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, соңғы аптада облыстың елді мекендерінен 380 мың текше метр қар шығарылған. Тәулік бойы жұмыс ұйымдастырылуда, арнайы техника мен жұмыс күшінің саны артты.

Осы аптада су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралау басталады. Өткен жылдарды ескерсек, бізде 170-тен астам елді мекен су тасқынына ұшырайды. Әрбір тармақ бақылауда. Қала және аудан әкімдері мұның бәрін жақсы біледі. Барлық мәселелерді алдын ала пысықтау керек. Қар шығару - күнделікті мониторингте, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


Өзгелердің жаңалығы