Қарағанды. 2020 жылға жоспар: 630 мың шаршы метр тұрғын үй

4 Ақпан 2020, 09:35
1537
Бөлісу:
Қарағанды. 2020 жылға жоспар: 630 мың шаршы метр тұрғын үй

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, өткен жылдан 1,5 есеге көп баспана салу жоспарлануда. Бұл жайында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлімдеді.

Ағымдағы жылы облыс орталығынан өзге Балқашта 45 пәтерлі, Теміртауда 36 пәтерлі және Жаңаарқа ауданы Атасу елді мекенінде 16 пәтерлі несиеге берілетін үйлердің құрылысы басталмақ. Жалпы 2020 жылы облыста 630 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақшы, бұл дегеніңіз 3107 пәтер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп.

2019 жылы 421 мың шаршы метр, яғни 3800 пәтер қолданысқа берілді. Оның 1148-і жалдамалы пәтер. Ал биыл бұл көлем бір жарым есеге ұлғайтылды. Ағымдағы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 630 мың шаршы метр баспана салуды жоспарлаймыз. Қазіргі уақытта облыс бойынша үй кезегінде 36 956 адам тұр. 2020 жылы жалға берілетін тұрғын үйдердің құрылысына 13,9 миллиард теңге қарастырылуда. Жоспар орындалғанда 1602 отбасы сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үймен қамтылады. Оның 162-і пәтері көпбалалы отбасыларға берілсе, 1440 пәтер әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға арналады,- дейди Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов.

Бүгінгі күні аймақта тұрғын үй кезегінде 1800-ден астам көпбалалы отбасы тұр, биыл олардың 850-і баспаналы болады.

Бұл шаралар атқарылғанда көпбалалы отбасылардың тұрғын үй кезегін 45 пайызға азайтамыз. Осылайша жылдар бойы баспана кезегінде тұрған отбасыларға пәтер беріледі,- деді Тайхан Қалмаханов.
Жалға берілетін және несиеге алуға болатын пәтерлерді көптеп салу облыстағы баспана тапшылығын біршама азайтуға мүмкіндік бермек.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың арнайы жоспары жасалған. Аталған уақыт аралығында облыста 5 млн 339 мың шаршы метр қолжетімді тұрғын үй салу көзделуде.


Өзгелердің жаңалығы