Әр отбасында елжанды, намысшыл ұрпақ тәрбиелеуіміз керек – Ауған соғысы ардагері

22 Маусым 2023, 11:20
1505
Бөлісу:
Әр отбасында елжанды, намысшыл ұрпақ тәрбиелеуіміз керек – Ауған соғысы ардагері
Фото: автордан

Ақтөбе облысында қашан да Отаным, елім, жерім, халқым деп, қоғам игілігіне адал қызмет жасап, жас буынның тәрбиесіне қамқорлықпен қарап жүрген ел ағалары жетерлік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Біз осындай елге жанашыр азаматтардың бірі — республикалық «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің кеңесі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, Ақтөбе облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаевпен жас ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие беру, отбасындағы әкенің рөлі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, сондай-ақ облыстағы бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік...

— Биыл алғаш рет елімізде Әкелер күні атап өтілді. Сіз де әкесіз, бес бала тәрбиелеп отырсыз. Жалпы бұл мерекеге деген көзқарасыңыз қалай?

Мен әкелердің немесе аналардың құрметіне орай бір күнді белгілеп, мерекелеу дегенді аса қоштамаймын. Олай дейтінім, бір жылда 365 күн болса, біз әкелер мен аналарымызды осы күндердің барлығында құрметтеп, қадірлеуіміз керек. Жалпы әке, ана, отбасы деген ұғымдар — өте құнды, қымбат ұғымдар. Сол үшін мерекені бір күнде атап өтіп, оның аясында түрлі шаралар өткізуді құптамаймын. Ата-ана немесе отбасына құрмет көрсету, оларға қамқор болу үшін біз күн немесе уақыт талғамауымыз керек.

Қазіргі кезде тәрбиелік тұрғыда бұл күн мереке ретінде атап өтіліп жатқан болар. Себебі, өкінішке қарай, бүгінде әке мен ананың рөлін, қадір-қасиетін, орнын ұмытып жатқандар бар. Сондықтан мұндай мереке керек те шығар. Бірақ менің жеке ойым әке мен анаға деген құрмет шексіз болуы керек. Және менің бұл ойымды рухани ұстанымы бар азаматтар құптайды деп ойлаймын.

Біздің әкелеріміз бұрын қалай болды, қалай өмір сүрді, оның барлығы менің көз алдымда. Әкем қазір бұл дүниеде болмаса да оның жарқын бейнесі, өнегелі сөздері, түр-тұлғасы менің мәңгі жадымда сақтаулы. Мен енді-енді жігіт болып, жан-жағымды тани бастаған кезде ол өмірден өтіп кетті. Бүгінде мен де әкемін. Бес бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Жасым бел ортадан асса да, әлі де әкемді аңсаймын. Себебі менің әкемнің маған бергені, менің азамат болып, қалыптасуыма қосқан үлесі, тәрбиесі, үлгі-өнегесі зор. Қазір жастармен кездескенде осы әңгімені жиі айтамын. Сізге де айтып берейін.

Мен жасым жиырмаға толып үлгермей, әскери борышымды өтеуге аттандым. Бірақ дәл ұрыс даласына тап болам деген ой менде болған жоқ. 1986 жылдың қарашасында әскерге шақырту алып, содан медициналық комиссиядан өтіп, Отан алдындағы борышымды өтеуге Ақтөбеден Ташкентке, содан Түркіменстанға аттандым. Түркіменстанның Мары қаласы маңындағы Иолотань аумағы сарбаздарды Ауғанстан соғысына дайындайтын нүкте екен. Мұны біз, Ақтөбеден аттанған сарбаздар, сол жерге барғанда бір-ақ білдік. Біздің топ «Команда 20-А» құрамына іліккен. Бұл — шекарадан тыс аймақта, яғни шетелде әскери борышты өтеушілер үшін жасақталатын құрам. Осы аймақтағы оқу-жаттығу полкінде алты ай дайындықтан өттік. Полктің ішінде үш ротадан тұратын автомобиль батальоны болды. Біз сол жерде әскери техниканы жүргізудің қыр-сырын үйрендік. Осылайша 1987 жылдың мамыр айында Өзбекстанның Термез қаласы арқылы Әмудария өзенінің үстімен өтіп, Ауғанстан жеріне кірдік. Содан сол жерде бір жыл алты ай қызмет еттік. Осы кезеңде маған әкем хат жазған болатын. Сол хат қазір қолымда жоқ, жоғалтып алдым. Дегенмен әскерден елге келгенде сол хатты жан қалтама салып, алып келгенмін. Себебі сол хаттағы әкемнің жазған сөздері маған күш-қуат берді, оның мен үшін тәрбиелік маңызы зор. Маған әкем хатта былай деп жазыпты: «Балам, айналайын, Маратжан, ауылда жүргенде асау үйретіп, тұлпарға мініп, соған құмар болып, ақкөзденіп барып мініп, асау үйрететін едің ғой. Мынау соғыс деген қиын ғой. Мен соғысты көрмеген адаммын. Сен ол жақта жан-жағыңды бақылап, байқап жүргейсің, ауылға аман-есен келгейсің. Сені күтеміз», — деп жазып ары қарай: — «Балам, адамның бойында құнды қасиеттер болады. Оның ішінде жігіттің бойында ар мен намыс, жігір мен ұждан болуы керек. Сен соны бойыңнан жоғалтып алма!», — деп хатын аяқтапты. Бұл 1988 жылы болатын. Мен ол кезде 20 жаста едім. Жалпы мен әскерде жүргенде әкемнен екі-ақ рет хат келген. Әлгі хатты елге оралғанша қалтама салып жүрдім. 1988 жылдың қараша айында біз елге қайтуымыз керек болатын. Алайда сол кезде Ауғанстан жерінен кеңес әскерлерін шығару туралы бұйрық келген. Елге қайтатын уақыт жақындаған күндердің бірінде командир батальоны, подполковник Иванов келіп: «Жігіттер, сіздерге Отанымыз үлкен сенім артып тұр. Сіздерден кейін келетін жас сарбаздарымыз ұрыс даласындағы тактикаға үйренгенше бірталай шығынға ұшырайтынымыз ақиқат. Сондықтан сіздер келер жылдың ақпанында соңғы әскердің құрамын алып шығасыңдар», — деп бізге қосымша төрт ай әскерде қалуға бұйрық берді. Бұйрыққа қарсы шыға алмайсың. Сөйтіп, біз 1989 жылдың ақпанында 40-шы армияның құрамындағы кеңес әскерлері болып Ауғанстан жерінен бірге шықтық. Сөйтіп, елге аман-есен оралдық. Елге келген соң, әкем менен хат күткенін айтып, жылап, қарсы алған болатын. Міне, әкенің мейірімі мен махаббаты деген осы шығар!

Менің әкем Айтуған 5-сыныптан бастап оқуды тастап, еңбекке ерте араласқан. Тракторшы болып, жастайынан анасын баққан. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Ал қазір біз тәуелсіз елде, мамыражай уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі ұрпақ бақытты. Сол бақыттың бағасын түсінсе екен дейміз. Менің қазіргі басты мақсатым — өз балаларыма ғана емес, жалпы соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету, әр отбасында елжанды, патриот, Отанын, ата-анасын құрметтейтін жастардың өсіп, қалыптасуына үлес қосу. Олай дейтінім, қазір қоғамда қаншама әкесіз өсіп жатқан балалар бар. Соларға қолымыздан келгенше көмегімізді аямай, қамқорлық таныта білсек, міне, бұл құптарлық іс болар еді...

— Қазір қоғамда ажырасу көбейіп, балаларын жалғыз өсіріп отырған аналардың саны артып барады. Бұл жерде ер-азаматтардың отбасы алдындағы жауапсыздығын көруге болады. Бұған не себеп? Қалай ойлайсыз?

Жалпы, әкенің бала алдындағы жауапкершілігі сол отбасында сәби дүниеге келген кезде-ақ басталады. Ал кез келген ер-азамат отбасын құрған соң ол өз мойнына жүктелген үлкен жауапкершілікті арқалай білуі керек. Нағыз ер-азамат тек отбасын ғана емес, елін, жерін ойлап, соған адал қызмет етіп, мойнына түскен жауапкершілікті тиісті деңгейде арқалап жүруге тиіс. Өкінішке қарай, қазіргідей нарық заманында жауапкершіліктен қашып жүрген ер-азаматтарымыз жетерлік. Бұл — өте өкінішті жағдай. Қазір отбасында әкелер тек балаларын асырауға, оларға қаржы тауып беруге ғана үйреніп барады. Ал баланың тәрбиесіне мән бермейді. Негізінде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру отбасында әкеден басталуы керек. Әр отбасында әкенің орны бөлек болуы керек. Ол үшін отбасындағы аналар балаларына әкенің орны қандай, оған қалай құрмет көрсету керек, әкені қалай бағалау керек, міне, осыларды үйрете білуі керек. Тағы кері шегінсек, бұрын аналарымыз бізді «Әкеңе айтам» деп тәрбиеледі. Сол кезде бізге содан артық жаза болмайтын. Біз әкеміздің есімін немесе дауысын естіген бойда үстімізді жөндеп, сөзімізді түзеп, тәртіпке келетінбіз. Сондықтан әкенің рөлін көтеруде аналарымыздың да еңбегі ерекше. Бір мысал, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары аналарымыз балаларын әкесіз тәрбиеледі. Бірақ олардың бойында әкесіз өссе де, әкесі тәрбиелеген балалардыкіндей жақсы қасиеттер қалыптасты. Бұл жерде сол аналарымыздың ақылдылығы, парасаттылығы, сабырлылығы көрінеді. Аналарымыз әкенің рөлін жоғары қойды. Ел аузында мынадай бір әңгіме бар: бір отбасында әкесі соғыста өмірден өтіп кетсе де аналары әкелерінің ескі пальтосын төрге іліп қояды екен. Үйінде балалары тиын-тебен сұраса, аналары «әкеңнің қалтасын ал» деп әлгі пальтоны нұсқайды екен. Осылайша балалары өмір бойы әкелерін ұмытпай, оның қадірін түсінген екен. Міне, бұл жерде әлгі анамыздың балаларына әкесінің жоқтығын білдірмегенінің белгісі көрінеді. Міне, бізді аналарымыз осылай тәрбиеледі. Ал қазір ше?

Қазір, өкінішке қарай, әкелердің отбасындағы рөлі төмендеп барады. Оған әкелер де, аналар да, сіз бен біз де, барша қоғам кінәліміз. Соны мойындауымыз керек!

— Сіз осыдан он жыл бұрын облыста жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында «Ер-Бақыт» клубын құрғаныңыз белгілі. Аталған клуб қазір де жұмыс жасай ма? Осы бағытта облыста қандай жұмыстар жасалып жатыр?

Жастар — біздің болашағымыз. Сондықтан болашағымыз жарқын болуы үшін жастарға жағдай жасап, оларға тура жолды көрсетуіміз керек. Қазіргі жастар елдіктің, отаншылдық рухтың, береке-бірліктің құнын түсінбеуі мүмкін, алайда біз сияқты ел ағасы болғанда оны ешбір сөзсіз түсінері хақ. Ал қазіргі жас ұрпаққа біз сияқты ел ағалары түсіндіруі керек. Қазіргі жастар намысшыл, ел мен жерге жаны ашиды, елге адал қызмет етіп жүрген іні-қарындастарымыз көп. Сондықтан оларға патриоттық тәрбие беруде біз әлі де көп жұмыстануымыз керек.

Қазір мен Ақтөбе облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығының төрағасымын. «Ер-Бақыт» клубы осы қауымдастықтың құрамына кірді. Сондықтан біз, ауған соғысы ардагерлері, әрқашан жастармен кездесулерде осы мәселелерді қозғап, оларға дұрыс жол сілтеп келеміз. Жалпы, қазіргі кезде жастармен облыстағы білім, мәдениет, спорт басқармалары барынша жан-жақты жұмыс жасауы керек. Себебі жастарды білімді, спортқа құштар, өз тілі мен дініне, Отанына адал етіп тәрбиелеу үшін оларға дұрыс тәлім-тәрбие беруге тиіспіз. Бір ғана мысал айта кетсем, кешегі қаңтар оқиғасында алаңға жастар шыққанда мен қуандым. Себебі олар алаңға өз ұсыныстарын айтуға шықты. Бұл жастардың дені елімізге болсын деген азаматтар болатын. Әрине, олардың арасында арандатушыларға еріп, қателікке ұрынғандары да болғаны жасырын емес. Алайда бұл сол алаңға жиналғандардың аз ғана мөлшері.

Және менен бір ұсыныс: біздің Ақтөбе облысында жастарға жан-жақты тәлім-тәрбие беруде қызмет көрсететін үлкен орталық керек. Осы орталыққа мектеп, арнаулы оқу орнының оқушылары жиі шақырылып, оларға елге белгілі, айтары бар азаматтар өздерінің тәлімі мол әңгімелерін айтып, кездесулер ұйымдастырылса, дұрыс болар еді.

Бұл бағытта жауапты мекемелер жан-жақты жұмыс жүргізсе, жастарымыз да бір арнада тоғысып, бір орталыққа жиналып, өздерінің ойларын ортаға салар еді. Менің айтарым, кез келген ер-азамат елжанды болу үшін қару асынып, соғысуы міндетті емес, жақсы білім алып, елді көркейту үшін қызмет етсе, туған жерін гүлдендіруге өз үлесін қосса, міне, нағыз патриоттылық!

— Сіз биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Қазір облыста жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? Қандай өзекті мәселелер бар?

Бұрын Ақтөбе бетке ұстайтын қалалардың бірі, көркіне көз тоймайтын шаһар болды. Қазір біз соған жете алмай келеміз. Олай дейтініміз, соңғы кезде біз шеңберден шығып кетіп, бұрынғы орнымызға қайта келе алмай жатырмыз. Қазіргі таңда қаланың тазалығы, көркемдік келбеті өзекті мәселеге айналып отыр.

Жалпы мен депутат болып №2 округтен, атап айтсақ, Жарық ауылы мен Сүт зауыты, Әуе қалашығы аудандары атынан сайландым. Жоғарыда атап өткендей, қазір Ақтөбенің тазалығы өзекті мәселеге айналып отыр. Жуырда осы орайда мен мәслихат сессиясында қала орталығындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан демалыс саябағы мен Триатлон паркі аумағындағы өткел мәселесін, сондай-ақ саябақ және Өнер орталығы жанындағы жанар-жағармай бекеттерінің зияндылығы туралы айтқан болатынмын. Және осы мәселе бойынша өзім бастап бір топ депутатты ертіп, аталған саябақ пен бекеттер аумағын аралап, рейд ұйымдастырғанбыз. Көзбен көргеніміздей, бекеттер маңы, демалыс

саябағындағы қоқыстар өз уақытында жиналмаған. Біз мұны кейін де отырыстарда талқыладық.

Жалпы қала шаруашылығы бұл оңай шаруа емес. Өкінішке қарай, соңғы жылдары шаһарымызға әкім тұрақтамай келеді. Қаланы көркейту, алдымен, басшыға, одан кейін тұрғындарға байланысты. Бір әкім барша қаланы бір өзі гүлдендіре алмайды. Оған халық та үлес қосуы керек. Біз соны түсінуге тиіспіз.

Қазір қала тұрғындары депутаттармен кездесулерде жол, жарық шамдардың жоқтығын айтып, шағымданады. Өкінішке қарай, бүгінде біздің қаламызда жолдардың 60 пайызында асфальт жоқ. Ал оның бәріне асфальт салу үшін көп қаражат керек. Оның үстіне жарықтандырылмаған көшелер де бар. Негізінде, халықтың наразылық білдіруі өте орынды. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Шанхай ауданындағы бірнеше көшеге мүлдем жарық шамдары орнатылмаған, тастай қараңғы. Сондай-ақ Құрмыш ауданында да бірқатар көшелерде жол, жарық жоқ. Оған жергілікті бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінуі керек. Егер біз тек жол мен жарықты ғана ойласақ, онда басқа салалар тұралап қалады. Сондықтан барлық саланы тең ұстап тұру үшін олардың барлығын барынша қамтып, жоспар бойынша жұмыс жасауымыз керек. Сондай-ақ жоғарыда атап өткендей, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау үшін қаламызда воркаут алаңдары көптеп салынса екен деймін. Қазір қала жастары кешқұрым облыс орталығындағы «Қоныс» спорт сарайының алдына жиналып, сол жердегі воркаут алаңдарда спортпен шұғылданады. Қандай тамаша көрініс!

Спорт жастардың сыра ішіп, шылым шегіп, қылмыс жасауының алдын алады. Бұқаралық спортты дамытуда біз осыны ескеруіміз керек. Жастардың дұрыс жолда жүруі үшін оларға жағдай жасауымыз қажет. Жалпы қылмыс жарықтандырылмаған көшелерде, ел көзіне түспейтін жерлерде жасалады. Соның алдын алу үшін барынша қаламызды дамытып, түлетуіміз керек. Тағы бір айта кететін мәселе: соңғы кезде қала орталығында бекеттер, жөн-жосықсыз салынған ғимараттар көбейіп кетті. Меніңше, осы мәселе де жергілікті биліктің назарында болуы керек.

— Қала көркею үшін оның басшысы жұмыс жасау керек. Соңғы кезде Ақтөбеге әкім тұрақтамайтын болды. Соңғы келген әкім бес ай ғана қызмет жасады. Сіздің ойыңызша бізге қандай әкім керек?

Кез келген әкім не басшы келгенде, кем дегенде бес жыл қызмет атқаруы керек деп ойлаймын. Және әкімдер жұмысқа келгенде бесжылдық жұмыс жоспарымен келуі керек. Қазір бізге бір әкім келеді де, екі-үш жыл жұмыс жасап, басқа қызметке ауысып кетеді. Ал оның бастап, жасаған жұмысы жалғасын таппай, аяқсыз қалады. Содан қаншама жобалардың «бағы» жанбай, жұмыс жүрмейді. Ал жаңа келген әкім бұрынғы әкімнің бастап берген жобасын жалғастыруға құлықсыз. Өзі бастама көтерген жобасын жүзеге асырады. Міне, осыдан келіп, біздің өңірде кейбір істер аяқсыз қалып жатыр.

— Әкім демекші, облыс әкімінің өңірге басшы болып келгеніне біраз уақыт болды. Депутат ретінде жаңа әкім келгелі жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов басшы болып келгелі жаңа жобаларды қолға алып жатыр. Алдымен Ералы Лұқпанұлы шет елдерден инвесторларды тартты. Атап айтсақ, өткен жылдың соңында Астанада өткен «Investment Aktobe-2022» халықаралық инвестициялық форумда өңірде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде жалпы инвестиция көлемі 2,7 триллион теңгеге жетті. Осы келісімдердің нәтижесінде алдағы үш жылда Ақтөбе облысында қант зауыты, медициналық мақсаттағы бұйымдар, теміржол дөңгелектерін шығаратын кәсіпорындар, рельс дәнекерлеу зауыты мен мұнай-химия кешенінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ биылдан бастап өңірімізде ауылдарды дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бұл жоба аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, азаматтардың дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысып, өз тұрғылықты жерінде еңбекпен шұғылдануына жағдай жасалуда. Өкінішке қарай, қазір ауыл тұрғындары бұл жобаның мән-маңызын әлі түсінбей жатыр. Негізінен, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген болатын. Соның арқасында бұл облыста жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауыл шаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артқан. Енді біздің облысты аталған өңірмен салыстырып қарасақ, Жамбыл облысының халқы он сотық жерге көкөніс, жеміс-жидек егіп, мол өнім алады. Соны сатып, табыс табады. Ал біздің өңірде тұрғындар бұл жобаның маңызын әлі түсінбей отыр. Оңтүстік өңірде тұратын отандастарымыз жерге дән егіп, соның өнімін алғанша күндіз-түні еңбектенеді. Ал біздің облыста мұндай шаруашылықпен айналысатындар аз. Бізде жері болса да, бау-бақша егетіндер санаулы ғана. Біз жердің қадірін білмейміз. Біріншіден, оңтүстік өңірлерге қарағанда біздің өңіріміздің климатында өзгешелік бар, екінші жағынан, біздің азаматтарымыз егін егуге, бау-бақша егуге икемсіз.

Жуырда депутаттар Шалқар ауданында жылыжай ашылып, сол жерде көкөніс өсіріп жатқан шаруалардың жай-күйін көріп қайттық. Алдағы уақытта басқа да аудандарда осындай жобалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бір қуаныштысы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қазір тауарлық несие арқылы ірі шаруашылықтардан мал алып, соны көбейтіп отырған азаматтар саны артып келеді. Демек, халық бұл жобаның жемісін көріп жатыр деген сөз. Мәселен, бір шаруа он бие сауып, содан алған сүтін қымыз қылып, сатып, табыс тауып отыр.

Негізінен, ауыл-аймақтарда еңбекқор, екі қолға бір күрек таппай отырған азаматтар көп. Олар осы жобаның тиімділігін ұғынып, егін, бау-бақша ексе, мал санын көбейтсе, мол табысқа кенелетін болады. Дегенмен бұл жерде тағы бір мәселе бар. Ол — шаруалардың өнімін сату мүмкіндігі. Егер облыстағы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы шаруалардың өндірген ет, сүт, көкөніс өнімдерін көкөніс қоймаларына, дүкендерге қабылдап, халыққа қолжетімді бағаға сатылуына мүмкіндік жасаса, міне, аталған жоба толығымен орындалған болар еді. Бір жағынан, бұл шаруаларға үлкен қолдау болса, екінші жағынан, халық таза, жергілікті жерден шыққан өнімді тұтынатын болады.

Демек, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдерін бір-бірімен байланыстырып, жұмыс жасату керек. Әйтпесе, қарапайым шаруалар өз өнімдерін өткізе алмайды. Сондай-ақ өңірімізде күз, қыс айларында көкөністің де бағасы қымбаттамас еді. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сияқты мекеме үйлестіруші орган болуы керек деп ойлаймын. Сонда ғана билік те, халық та өзара тығыз байланыс орнатып, шаруалар мол табысқа кенеледі. Ал халық разы болса, береке де, бірлік те болады.

Сөз соңында айтарым, бірлігіміз бен ынтымағымыз артып, жастарымыз жарқын болашақ жолында еңбектене берсін! Әділетті Қазақстан құрудағы бастамамыз жемісті болып, еліміз әрдайым биіктен көрінсін!

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы