"Әр елдің заңы өз тілінде дайындалуы керек. Бұл – аксиома" – академик 99 пайыз заң орыс тілінде жазылғанын айтты

2 Мамыр 2024, 15:50
7789
Бөлісу:
"Әр елдің заңы өз тілінде дайындалуы керек. Бұл – аксиома" – академик 99 пайыз заң орыс тілінде жазылғанын айтты
Фото: автордан

Бұл туралы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң тілі аудармаға негізделгендіктен, аударма қазақша заң мәтіндеріне ерекше әсер етті. Орыс тілінің сөйлем құрамы, орыс тіліндегі терминдерді тікелей аударып алу сияқты мәселелер тілімізге көп әсер етті. Орыс тіліндегі күрделі сөйлемдердің, көсемшелі аударымдардың қазақ тіліне келгенде сондай күрделі берілуі бұл заңды қазақша оқитын адамның заңды түсінуінде қиындықтар туғызды, - деді Шерубай Құрманбайұлы.

Академик сондықтан да орысша мәтін мен қазақ тіліндегі мәтінді салыстырып қарауға тура келетінін айтады. Дәл аударылып тұрған күннің өзінде бірден қазақ тілінде жатық сөйлейтін, қысқа, нақты айтуды қажет ететін жерде осындай күрделі оралымдар кездесетінін алға тартты.

Заңды, ең алдымен, қазақ тілінде дайындау керек. Бұл тек сөйлем құрылысы мен қазақы сөйлемнің жатық болуы тұрғысынан ғана емес, кез келген елде сол елдің заңы, оның барлық негізгі құжаттары сол елдің мемлекеттік тілінде дайындалуы керек. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома секілді, - деді ол.

Филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы Қазақстандағы заңдардың 99,9 пайызы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылатынын айтты. 30 жылдан артық тәуелсіздік тарихында тек 2 заң алдымен қазақ тілінде жазылғаны белгілі.

Өзгелердің жаңалығы