Әр ата-ана балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады – депутат

1 Қараша 2023, 15:57
761
Бөлісу:
Әр ата-ана балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады – депутат
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутат Нұртай Сәбильянов Ұлттық қорға қатысты Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Ұлттық қор – бұл халық және болашақ ұрпаққа қызмет ететін қор екенін атап өтті. Президент Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ доллларына жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд доллар болса, қазір қорда бар-жоғы 60 млрд доллар қалып отыр. Қордың қаражаты азайған.

Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайды. Парламент тиісті заңды қабылдады. Енді халықтың Ұлттық қордың қаражатына, Ұлттық қорға деген назары ерекше болады. Өйткені әр ата-ана өз балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады. Сондықтан менің ойымша, Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатып, оның тиімділігін арттырумыз керек, - деді Сәбильянов.

Депутат Ұлттық қорды пайдалану тиімсіз екенін айтты. Өйткені 2022 жылдың өзінде 1 трлн 300 млрд теңгеден аса шығынға батқан.

Дайын қаражатты басқара алмау да дұрыс емес қой. Ал енді республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін осы заң жобасын әзірлеп отырмыз. Республикалық бюджеттің тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуы керек. Осы мәселені түпкілікті шешу үшін қандай шешім қабылданады?, – деп сұрады Нұртай Сәбильянов Үкімет басшысынан.

Өзгелердің жаңалығы