«Ақын» фильмі мексикалық көрерменге ұсынылды

11 Қазан 2022, 17:53
1564
Бөлісу:
«Ақын» фильмі мексикалық көрерменге ұсынылды

Мексика астанасында қазақстандық «Ақын» фильмінің көрсетілімі өтті, бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.

Бұл жұмыс биылғы жылдың 30 қыркүйегі мен 9 қазаны аралығында Мехико қаласында өткен «Black Canvas» халықаралық заманауи кинематография кинофестивалінің «Көрнекті авторлар» сегментінде ұсынылды.

Фильмнің көрсетілімі алдында оның режиссері Дәрежан Өмірбаевтың мексикалық киносүйер қауымға үндеуін Қазақстанның Мексикадағы уақытша сенімді өкілі Олжас Исабеков жеткізді. Дәрежан Өмірбаев ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, оның фильмі осы шалғай елде өз көрерменін табады деген сенім білдірді. Ал оның айтқаны дұрыс болып шықты: қазақ фильмі сәтті шығып, кинофестивальде екі мәрте көрсетілді.

«Ақын» испан тіліндегі субтитрмен түпнұсқа дауыста көрсетілді. Кинофестиваль ұйымдастырушыларының өтініші бойынша Қазақстанның Мехикодағы Елшілігі мен Гвадалахарадағы еліміздің Құрметті консулы Хорхе Гонсалес субтитрлерді шығаруға жәрдемдесті.

Биыл «Black Canvas» кинофестивалінде барлығы 125-тен астам фильм ұсынылды, оның 59-ы шетелдік. Көптеген фильмдер әртүрлі уақытта басқа ірі кинофестивальдерде – Венецияда, Торонтода, Каннда және т.б. көрсетілді.

«Ақын» бұған дейін Жапонияда, Бразилияда және «Berlinale» фестивалінде жоғары баға алғаны мәлім.

Айта кетейік, «Ақын» фильмін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірген.

Өзгелердің жаңалығы