Ақтөбенің көркі не?

21 Сәуір 2023, 17:10
1182
Бөлісу:
Ақтөбенің көркі не?
Фото: автордан

Биыл Ақтөбенің көркі болған демалыс саябақтары мен гүлзарларға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелдіұлы айтып берді.

Айта кету керек, 2021 жылы «Бірлік пен келісім» гүлзарына жалпы құны 84 миллион теңгеден астам қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді. Жауапты мердігер ұйым гүлзарда орналасқан «Шаңырақ» ансамблінің, «Нұр-Ғасыр» мешіті жағындағы аркалардың жамылғысын қалпына келтіріп, көше шамдарын орнатуды жоспарлаған. Сондай-ақ «ән салатын» субұрқақтың қасындағы амфитеатрдың айналасына тротуар төсеп, осы аумақты қалпына келтіруді қолға алған. Алайда қазір осы гүлзарды барып қарасаңыз, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген нысанға ұқсайды, барлық жері азып-тозып тұр. Сондай-ақ «Астана» саябағының да «ұсқыны» кетіп қалған. Адамдар отыратын орындар қираған, брусчаткалар сынып, үгітіліп жатыр. Бірнеше жылдан бері көгалдандыру жұмыстары жүргізілмеген.

Жомарт Бақыткелдіұлының айтуынша, биыл Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық демалыс саябағына, Триатлон паркіне, «Астана» саябағы мен «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қазір аталған жобалардың эскиздері дайындалып жатыр.

Жуырда қала аумағындағы гүлзарларға күтіп-ұстау, сырлау, тазалау жұмыстары басталды. Жалпы бүгінде Ақтөбе қаласында 66 гүлзар мен саябақ бар. Барлық аумақтарда халық демалатын орындардың қалыпқа келтірілуі біздің тұрақты бақылауымызда. Қазіргі таңда Тұңғыш Президент атындағы демалыс саябағын қалыпқа келтіру бойынша эскиздік жоба әзірленіп жатыр. Оны әрі қарай құжаттарын дайындап, сосын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал Триатлон паркінде спорттық бағыттағы демалыс орны болғандықтан, оны бірнеше аймаққа бөлеміз. Алдағы уақытта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жоба әзірленетін болады. Ал «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына 2021 жылы «Нұр-Бер-2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Былтыр мекеме гүлзар аумағын сырлап, жазуларын бояп, бірқатар жұмыстар жасады. Қазір жасаған жұмыстарынан ақаулар табылуына байланысты аталған мердігер ұйым қайта сырлау, жөндеу жұмыстарын бастап жатыр, — дейді ол.

Ақтөбенің көркі не?

Оның айтуынша, жуырда қалада саябақтарды қалпына келтіру жұмыстарынан бөлек көше жолдарына асфальт төсеу жұмыстары да басталады. Қазіргі таңда қаланың орталығында орналасқан Ә.Молдағұлова даңғылы, Есет Батыр, Сәтбаев, Ғ.Жұбанова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу дайындық басталып жатыр.

Биыл қала көшелерін жөндеуге бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы Ақтөбе қаласы бойынша 29 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады. Өздеріңізге белгілі, былтыр қаламыздағы Ақжар-2 ауылына барар жолға, Заречный көпірі мен Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірге, Әлия Молдағұлова даңғылы мен Есет батыр, Сәтбаев көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Міне, осы аталған жобалар биыл да жалғасады. Жоспарға сәйкес бұлардың бәрі жыл соңына дейін аяқталады.Сонымен қатар бірнеше көшеге жарықтандыру жұмыстары да жүргізіледі, — дейді бөлім басшысы.

Биыл сондай-ақ Ақтөбе қаласында жаңа 100 аялдама орнатылады. Қазір қалада 757 аялдама бар. Олардың ішінде 12-сі коммерциялық аялдама болса, қалғаны — Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміндегі аялдамалар.

100 аялдаманың көбі қаланың ішіне емес, жақын аумақтарға салынатын болады. Қазір бұл жобалар бойынша жоспар жасалып жатыр. Сонымен қатар бүгінде қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелерді субсидиялау бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қаламызда жолаушылар тасымалы қызметіне 27 маршрут жұмылдырылса, оның 12-сі — әлеуметтік маңызы бар маршруттар. Биыл олардың барлығына субсидия бөлінеді. Оның жалпы құны — 4,2 миллиард теңге. Қазір аталған жұмыстар бойынша құжаттар дайындалып жатыр, бұл мәселені комиссия қарайды. Қала бойынша бүгінде жолаушылар тасымалымен айналысатын 4 мекеме бар. Олар — «Автопарк», «Қала транс», «Ақ жайық», «Табыс Ақтөбе» компаниялары. Бөлім тарапынан олардың күнделікті жұмыстары тексеріліп, көліктің уақытылы шығуы, таза болуы, уақыт жиілігінің сақталуы, барлық талаптарға сәйкестігі бақылауға алынған. Ал егер бұл мекемелер талапты сақтамаса, оларға 0,2 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді Бақыткелдіұлы.

Соңғы кезде Ақтөбе қаласында қылмыс деректері көбейіп барады. Әсіресе, жол апаты, қоғамдық жерлерге залал келтіру деректері жиі тіркеліп жатыр. Осыны ескеріп, биыл Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасы қала аумағына, сондай-ақ 10 елді мекенге бейнекамералар орнатпақ.

Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру бөлімінің бас маманы Абзал Жамбыловтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша бейнекамералар орнатылатын аумақтардың тізімі жасақталған. Оны облыстық полиция департаменті бекітіпті. Қазір үш облыстық маңызы бар ауылдық елді мекенге, атап айтсақ, Әлімбет, Жайсаң, Қарабұтақ ауылдарына, одан басқа алты ауданның орталығына бейнекамералар орнату жұмыстары қолға алынуда.

Биыл Ақтөбе облысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 2422, ал жол қауіпсіздігінің алдын алу үшін 94 бейнекамера қондырылмақ. Оның ішінде 28-і жол қиылыстарына, 66-сы жолдағы сызылған учаскілерге орнатылады. Ақтөбе қаласында тұрғын үйлердің аумағына, қылмыс тіркелген жерлерге қондырылатын болады. Бүгінде бұл бағытта конкурс өтіп жатыр. 6-8 ай ішінде барлық аумаққа бейнекамералар орнату жұмыстары аяқталады, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы