Бұл туралы "Диапазон" мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
57 жастағы Ақтөбе тұрғыны Н.А-ның әзірге анықталмаған сыбайластарымен Telegram мен WhatsApp-та "Үйде отырып табыс табу", "Глобал Марикс", "Феникс", "Чектер" және "Жоба Финанс" сияқты бірнеше чат құрған. Осы чаттарға өзге адамдарды қосып, өзін ай сайын салымы 40% пайда әкелетін сауда алаңдары мен биржаларға инвестиция салумен айналысатын "Финанс" жобасының жетекшісі ретінде таныстырған.
Көп адам оның айтқанына сеніп, чаттарда көрсетілген реквизиттерді пайдалану арқылы ақша аударған. Н. А. ақшаны алу үшін таныстарының карталарын пайдаланған. Бастапқыда төлемдер төленген, бірақ содан кейін әдеттегідей бәрі тоқтаған.
Кейіннен күдікті алаяқтық жасады деп айыпталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде оның алаяқтықтың 10 эпизодына қатысы бары анықталды.
Жәбірленушілердің бірі 4 миллион 494 мың теңге аударған, содан ол тек 1 миллион 232 мың теңгесін қайтарып ала алған. Басқа жәбірленушілер 210 мың теңгеден 6 миллион теңгеге дейін алданған. Кейбір жәбірленушілер, тіпті айыпталушыны мүлде танымаса да оның айтқанына сеніп, қомақты қаражат аударған.
Алаяқ сотта өзінің кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сондай-ақ куәлік беруден бас тартты. Сот оны шартты мерзімге - алаяқтық жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырды. Осы уақыт ішінде оған жұмыстан кейін үйден шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Сондай-ақ ол пробация қызметіне үнемі есеп беріп отыруы керек. Сот оны барлық жәбірленушілерге шығынын төлеуге міндеттеді.