Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлады

22 Наурыз 2023, 17:31
1336
Бөлісу:
Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлады
Фото: автордан Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлады

Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысында Наурыз мерекесі ерекше атап өтілуде. Облыс орталығында 21 алаңда мерекелік іс-шара өтсе, аудандарда барлық елді мекендерде ұлан-асыр той ұйымдастырылып жатыр.

Ақтөбе қаласындағы ең ауқымды шара Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өтті. Бұл шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков бастаған зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен жасы үлкен аналар, белгілі өнер адамдары қатысты.

Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлады

Шарада облыс халқын Наурыз мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарға ақжарма тілегін жеткізіп, іс-шара аясында бір топ белсенді азаматтарды марапаттады. 

Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып есептеледі. Сондықтан бүгінгі мейрамның біз үшін орны айрықша. Ұлыстың ұлы күні ағайын - туысқандар бір-бірімен көрісіп, өткенге салауат айтып, болашаққа әділ көңілмен, жақсы үмітпен қарайтын күн. Сондықтан түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндей­тін Наурыз мерекесі Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін! Мереке құтты болсын! — деді Ералы Тоғжанов. 

Шарада өткен жылы облыста жүзеге асырылған «Ақтөбе жастары» бағдарламасына қатысушыларға пәтер кілттері табысталып, облысқа белгілі өнерпаздар әннен шашу шашты.

Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын тойлады

Мерекелік кеште Ақтөбеден шыққан белгілі әнші Жанар Айжанова әдемі әндерін әуелетсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімов жиналғандарға жүрек тебірентер әндерін тарту етті.

Шара аясында киіз үйлерде тұрғындарға ыстық бауырсақ пен наурызкөже таратылып, спорттық жарыстар, балаларға арналған байқаулар, қолөнер жәрмеңкесі мен өнер көрмелері ұйымдастырылды.

Облыс орталығындағы бас көше — Әбілқайыр хан даңғылы бойымен тұлпар мінген қыз-жігіттер жүріп өтіп, қала қонақтары мен тұрғындарға құрмет-қошемет көрсетті.

Бұл күні қаладағы барлық алаңдарда ұлттық ойындардан жарыс өткізіліп, наурызкөже үлестірілді.

 Жыл сайын Наурыз мерекесіне арналған шарадан қалмаймын. Биыл да отбасыммен келіп қатысып отырмын. Биылғы мерекенің ерекшелігі, үлкен киіз үйлер тігіліп, саябақ сахнасы  ерекше безендірілген. Жанар Айжанова бастаған өнерпаздар халыққа әсем әндерін жолдап, көңіл күйімізді көтерді. Биыл Ақтөбеге көктем ерте келді, дала құлпырып, күннің шуағы төгіліп тұр. Осындай ұлттық мерекемізді көпшілік болып тойлап, ұлан-асыр қылып атап өту үлкен ғанибет емес пе? Мен қазақ болғаныма мақтанамын. Барша халқымды Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Марал Абайқызы.

Мерекелік шараға келген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бір топ студенті де өздерінің жүрекжарды тілектерін жаудырды. 

Наурыздан Наурызға аман-есен жетейік. Жастарымыз талапты, үлкендеріміз қуатты болсын! Барша қазақ елін мерекемен құттықтаймыз! — деді студенттер тобы бірауыздан.

Айта кету керек, кеше Германияның Берлин қаласында өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық өнерін әлемге паш еткен «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі елге оралды. Бүгін олар да мерекелік шараларға атсалысып, қала қонақтары мен тұрғындарына өнер көрсетуде.

Өзгелердің жаңалығы