Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ ұстазы Астана қаласында өткен «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан, Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері жиналған халықаралық конференцияға жалпы саны 1500 адам қатысты. Атаулы шараға Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ мұғалімі атсалысып, өзге педагогтермен тәжірибе алмасып, өз зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Конференцияға қатысқандардың бірі — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бану Куркутова. Ол жаратылыстану сабақтарында дифференциалды оқытуды зерттеген. Екі жылдан бері ізденіс үстіндегі педагог мұндай шаралардың ұстаздарға ерекше мотивация беретінін айтады.
Конференцияға мектебіміздің директоры Сәуле Өмірбекова бастаған делегация келіп қатысып жатырмыз. Қатарымызда ағылшын, математика, химия, биология, информатика пәндерінің оқытушылары бар. Бізге өзге елдер мен өңірлерден келген ұстаздар ұсынған баяндамалар, презентациялар мен постерлер ерекше қызығушылық тудырды. Біз топ болып, пленарлық секцияларға да қатыстық, тәжірибе алмасып, білімдерімізді толықтырдық. Мен шарада презентациямды таныстырдым. Оны көрген өзге педагогтар дифференциалды білім беру бойынша әдістемелік нұсқаулар мен оқу құралдарын жасап шығаруға ұсыныс тастады. Алдағы уақытта сонымен айналысамын. Конференция жылдағыдай жоғары дәрежеде өтті, шетелдік спикерлердің, жергілікті мұғалімдердің баяндамаларын тыңдадым. Маған сабақ берген Кембридж университетінің профессорын көріп, сөз алмастық, – дейді Бану Куркутова.
Конфереция барысында Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев ақтөбелік математика мұғалімі Альфия Медведеваға секция жұмыстары кезінде модератор болып, оның жұмыстарына оң бағасын берді. Ол өз сөзінде тақырып бойынша терең зерттеу жүргізілгенін атап өтті.
Мұғалімнің зерттеуінде жұптық салыстыру әдісі және Пирсонның дәрежелік корреляция коэффициенті қолданылды. Осыған ұқсас зерттеулерде математикалық мәліметтерді өңдеудің басқа әдістері қолданылатын, ал бұл зерттеуде ұстаз жұптық салыстыру әдісін қолданған, сондықтан бұл – ерекше жаңалық, — деді Айдарбек Айтпукешев.
Конференция кезінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімдері Ғазиза Елешова мен Жанар Қарымсақова темперамент бойынша саралап бөліп оқыту білім сапасына қалай әсер ететінін баяндаса, химия, биология пәнінің мұғалімдері Жанна Хайбулина мен Людмила Трубникова оқушыларда жүйелік ойлауды дамытудың жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ ағылшын пәнінің ұстаздары Айгүл Қойшығарина мен Луиза Бижанованы «Жазу барысында 9-10 сынып оқушыларының дәлелдеу дағдыларын дамыту» тақырыбы қызықтырса, математика пәнінің мұғалімдері Бақыт Әлжанова мен Ерғали Хамзин 9-10 сынып оқушыларының жоғары ойлау дағдыларын қалыптастыруда мінез-құлықтың қандай әсері бар екендігін зерттеді. Ал информатика пәнінің ұстаздары Бауыржан Шоқанов пен Ақзат Қауысова «Цифрлы мұғалім: қайта жүктеу. Миф: Бағдарламалау – тек информатика», «Компьютерсіз бағдарламалау мүмкін емес» тақырыптарында өз идеяларын алға тартты.