Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру керек – Салтанат Тұрсынбекова

27 Қазан 2022, 20:05
2354
Бөлісу:
Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру керек – Салтанат Тұрсынбекова

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Көкшетауда көпсалалы облыстық аурухана ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында дәрігерлердің мұң-мұқтаждарын тыңдап, мәселелерін талқылады.

Мамандар жұмыс барысындағы қателіктері үшін дәрігерлердің жауапкершілігі туралы мәселе көтерді.  

Құқық қорғаушы дәрігерлерді толық қолдайтынын атап өтті.

Дәрігерлер – адам өмірі үшін күресетін мәртебелі мамандық иелері. Дәрігерлер өз көлеңкелерінен қорықпауы керек. Оталардың күрделілігіне қарамастан, әрқашан тәуекелге баруға тура келетін жағдайлар бар. Мұның өзі науқастың өмірін сақтап қалу үшін жасалатын қадам. Күрделі ахуалдың қалыптасуынан медицинада хирург, акушер-гинеколог, анестезиологтар мамандығын тастап кете бастады.  Тіпті кейбіреулері елден де көшіп жатыр.  Сондықтан медициналық қателіктің салдарынан денсаулыққа қасақана зиян келтіру мәселесін декриминализациялау керек, – деді Салтанат Тұрсынбекова.

Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру керек – Салтанат Тұрсынбекова

Ол елімізде дәрігерлердің мәртебесін көтеру керектігін де баса айтты.

Денсаулық сақтау саласындағы заң жобалары Мәжілісте немесе Сенатта талқыланған сайын мен бұл құжаттар дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғай ма, жоқ па, соған мән беремін. Бүгінгі күні медицина қызметкерінің - дәрігердің, медбикенің әлеуметтік жағдайы қалай? Дәрігерлеріміз лайықты өмір сүріп жатыр деп айта аламыз ба? Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру керек деп есептеймін. Пандемияға дейін де дәрігерлердің мәртебесі туралы заң жобасы әзірленіп жатқан болатын. Бірақ әлі де кемшіліктер бар. Жағдайды өзгертіп, тиісті заңнаманы қабылдайтын уақыт жетті, - деді Салтанат Тұрсынбекова.

Сонымен қатар дәрігерлер облыстық емдеу мекемелерінің қаржы тапшылығы мәселесін алға тартты.

Оның сөзінше денсаулық сақтау жүйесіне көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, ол ынталандырушы қаржылық сыйақыларды көздей отырып, дәрігерлердің жалақысын өңір әкімдерінің жалақысы деңгейіне дейін көтеруді ұсынады, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметті 100 пайыз қолжетімді ету, ондағы фельдшерлерді автокөлікпен қамтамасыз етуді ұсынады. 

Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орталығының жұмысымен танысты.

Өзгелердің жаңалығы