Ақтөбелік көп балалы ана отбасымен бірге дауыс берді 

19 Наурыз 2023, 10:30
1184
Бөлісу:
Ақтөбелік көп балалы ана отбасымен бірге дауыс берді 
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбеде көп балалы ана Райгүл Тұрманова отбасымен келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы «Гүлдәурен» балабақшасында орналасқан №119 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған көп балалы ана мұндай шаралардан ешқашан қалмайтынын айтады. 

Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Райгүл Тұрманова отбасында бес бала өсіріп отыр. Биылғы саяси науқанның маңыздылығын түсінген ол үйдегі тірлігін тастап, таңертең алғашқылардың бірі болып дауыс берді. 

 Бірнеше жылдан бері жеке кәсіппен айналысамын. Отбасылық бизнес десем де боламын. Отбасында бес бала өсіріп отырмыз. Балаларымыздың жарқын болашағы мен еліміздің ертеңін ойлап, осы саяси науқанға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Біздің әрқайсысымыздың дауысымыз еліміздің дамуына қосылған үлкен үлес деп білемін. Кірпіштің көп қалануынан үй тұрғызылатыны сияқты, біздің дұрыс таңдау жасауымыздан мемлекетіміздің болашағы шешіледі. Сондықтан барша азаматтарды сайлауға атсалысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын, — дейді көп балалы ана. 

№119 сайлау учаскесінің төрағасы Ақмарал Бөрібаева көп балалы отбасыға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. 

Ақтөбелік көп балалы ана отбасымен бірге дауыс берді 

Біздің сайлау учаскемізде 2484 сайлаушы тіркелген. Таңғы сағат 7.00-ден бастап 40-тан астам сайлаушы өз дауысын беріп үлгерді. Жалпы біздің учаскеде биылғы сайлауда 12 жас алғаш болып дауыс береді. Осыған дейін учаскемізде ешқандай заңбұзушылықтар болған жоқ, халықтың көңіл күйі жақсы,  — дейді Ақмарал Бөрібаева. 

Ал Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, биылғы сайлауда облыста 525 сайлау учаскесі жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 14-і жабық түрде жұмыс жасаса, үшеуі өз жұмысын таңғы алтыдан бастаған. Ал 33 учаске дауыс беруді мерзімінен бұрын аяқтамақ. 

 Ақтөбе облысында 562 590 сайлаушы тіркелді. Олардың арасында 3579 адам алғаш рет сайлауға қатысса, жас ерекшелігі жағынан ең үлкен кейуанамыз 109 жастағы Шалқар ауданының тұрғыны Зиба Келімбетова сайлауда өз таңдауын жасады. Биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне облыстағы 10 бірмандаттық окруктнен 11 үміткер сайлауға түсіп отыр. Мәжіліске партиялық тізімі бойынша жеті партия, ал Ақтөбе облыстық мәслихатына 5 партия түсті. Сондай-ақ биыл сайлауға облыстық мәслихатқа бірмандаттық 17 округтен түскен үміткерлердің саны — 67. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша барлық мәслихаттарда 205 мандат бар, — дейді комиссия төрағасы. 

Оның айтуынша, биылғы саяси науқанды байқауға облыс бойынша 14 үкіметтік емес ұйым бекітілген.  Оның ішінде бесеуі республикалық қоғамдық бірлестіктердің Ақтөбе облысындағы филиалы болса, қалған жетеуі — өңірдегі қоғамдық ұйымдар. 

Өзгелердің жаңалығы