Ақтөбелік әскерилер: Отан қорғау — абыройлы міндет

7 Мамыр 2023, 17:16
1358
Бөлісу:
Ақтөбелік әскерилер: Отан қорғау — абыройлы міндет
Фото: Кейіпкерлердің жеке архивінен

Отан қорғаушылар күнінде Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті. Мерекеде біз бөлімдегі әскери қызметшілермен тілдескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Отан қорғау — қасиетті борыш. Сондықтан Қазақстанның кез келген азаматы ел алдындағы парызын өтеуге тиіс. Қарулы күштердің қатарына алынып, әскери машықтарды үйреніп, бойына нағыз патриотизмді қалыптастыруы керек.

Бүгінде елімізде нағыз әскери элитаны қалыптастыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде әскери бөлімдердің жұмысын жандандыру, қауіпсіздікті күшейту, әскери қызметшілерге жан-жақты жағдай жасау, жауынгерлерді барынша батылдыққа, ыждағаттылыққа үйрету, т.б. бар.

№6655 әскери бөлімінің І жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Досжан Тоқтаровтың айтуынша, ер жігіт үшін Отан қорғау, әскери салада абыройлы еңбек ету — зор жетістік.

Досжанның бұл салада еңбек етіп жүргеніне он жылдан асыпты. Ол туған жері Абай облысы Ақши ауылынан орта мектепті аяқтап, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түскен. 2016-2020 жылдары Жаңаөзен қаласындағы Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты №5548 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Ал Ақтөбе қаласына 2020 жылы қызмет бабымен ауысыпты. Басында мұнда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінде жастармен жұмыс жөніндегі бөлімше бастығының көмекшісі болған, қазір батальон командирінің орынбасары.

Ақтөбелік әскерилер: Отан қорғау — абыройлы міндет

Біздің басты қызметіміз — Ұлттық ұлан әскерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуін қадағалау, жауынгерлердің ішкі тәртіпті сақтауын бақылау. Бүгінде жедел мақсаттағы батальон сарбаздары Ақтөбе қаласындағы Астана, Алматы аудандарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Жауынгерлеріміз ішкі тәртіпке үйренген, бәрі өз қызметтерін абыроймен өтеп келеді. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлердің бәрі де білімді, өнерлі, — дейді ол.

Досжанның қазіргі шені — капитан. Ол бүгінге дейін әскери саладағы үздік қызметі, үлгілі әскери тәртібі, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді үздік орындағаны үшін Батыс өңірлік қолбасшылығынан, бригада командирінен Грамоталар, Алғыс хаттар алған. Өз ісіне жауапты, жан-жақты қызметші әрдайым әріптестері арасында сыйлы.

Досжан әскери қызметші болуды бала кезден армандаған. Ол туралы кейіпкеріміз былай дейді:

Мектепте оқып жүргенде бізге әскери саланың қыр-сырын алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген ұстазымыз Қанат Қарынов үйретті. Содан бала кезімнен әскери қызметші болуды армандап өстім. Екінші жағынан, «Жігіттің жақсылығы — нағашыдан» демекші, нағашы атам Толыбай Өміржанұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Ол кісі майданда он үш жерінен жараланған. Украина, Польша жерінде болған ұрыстарға қатысқан. Сол кісінің айтқан әңгімелерін естіп өстім, атам сияқты жауынгер болуды қаладым. Міне, бүгінде сол кісілердің айтқан әңгімелері мен көрсеткен үлгі-өнегесінің арқасында әскери салада абыройлы еңбек етіп жүрмін. Меніңше, кез келген ер жігіт Отан алдындағы борышын өтеп, әскери өмірдің қыр-сырын білгені дұрыс. Балаларды мектеп жасынан бастап әскери өмірге баулыса, патриотизмге тәрбиелесе, кез келген отбасындағы жас ұрпақ намысшыл, Отанын сүйетін патриот болып өсері сөзсіз, — дейді Досжан Тоқтаров.

Айта кету керек, Досжан отбасында келіншегі екеуі бір ұл өсіріп отыр. Ол келісімшарт бойынша Ақтөбе облысында он жыл қызмет етуі керек.

Ал Айтжан Артықов №6655 әскери бөлімінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді.

Ол 2018-2022 жылдары Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясында білім алып, былтыр Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты №6655 әскери бөліміне жұмысқа қабылданған. Бүгінде ол жеке құрамдағы сарбаздардың дене дайындығын, психологиялық жағдайын, жауынгерлік даярлығы мен әскери қызметке деген ынтасын бақылайды. Олармен жеке-жеке жұмыс жасап, мерекелер қарсаңында мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.

Менің туған жерім — Түркістан облысы Сарыағаш ауданы. Жастайымнан әскери қызметке оқуға түсуге талпындым. Содан Ұлттық ұлан академиясында білім алып, былтыр шілде айында осы бөлімге қызметке шақырылдым. Міне, бүгінде осы бөлімде рота командирінің орынбасары болып еңбек етіп жүрмін. Әскери саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, болашақта осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді, — дейді ол.

Бүгінде №6655 әскери бөлімінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келіп, борышын өтеп жатқандар сарбаздар көп. Кеше мереке қарсаңында ақтөбелік 50-ге жуық жас Маңғыстау облысына әскерге аттанған. Жалпы биыл Ақтөбе облысы бойынша мыңнан астам сарбаз әскери қатарына алыныпты.

Айтжан Артықовтың айтуынша, қазір әскерге сұранып келушілердің қатары көбейген. Бұл бағытта №6655 әскери бөлімі әскерге келушілермен жан-жақты жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Ақтөбелік әскерилер: Отан қорғау — абыройлы міндет

Жалпы бұған дейін Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы бозбалалардың саны аз болатын. Қазір бұл бағытта елімізде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, №6655 бөлімінің психологтары, штаб офицерлері мектептерге, колледждерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарға әскери өмір туралы жан-жақты мағлұматтар береді. Соның арқасында бүгінде әскерге келушілер арасында ешқандай қорқыныш жоқ. Қазір Батыс өңірлік қолбасшылығының бастамасымен әскери бөлімдерде әскери полиция мен психологтар жұмыс істейді. Олар жауынгерлерге анонимді түрде сауалнамалар жүргізіп, әрбірімен жеке-жеке сұхбаттасады. Сондай-ақ барлық бөлімдерге бейнекамералар орнатылған. Соның нәтижесінде бүгінге дейін №6655 бөлімінде құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ, — дейді рота командирінің орынбасары.

№6655 әскери бөлімінде өткен ашық есік күнінде офицерлер мен сарбаздар өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, патриоттық әндер орындады. Спорттық жарыстар ұйымдастырды. Аталған мерекелік шарада бір топ үздік офицер Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекеде марапатталғандар қатарында кейіпкеріміз Айтжан Артықов та бар. Ол бұған дейін Батыс өңірлік қолбасшылығынан бірнеше рет марапат алған.

Өзгелердің жаңалығы