Ақтөбеге Мәдениет және спорт министрі келді 

12 Тамыз 2022, 20:30
2038
Бөлісу:
Ақтөбеге Мәдениет және спорт министрі келді 
PHOTO
Фото: автордан

Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Іссапар аясында Дәурен Абаев Ақтөбе қаласында құрылысы жүріп жатқан мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Бұл кешен келер жылы қолдануға беріледі. Бүгінде құрылыстың бір бөлігі аяқталған.

Ақтөбеге Мәдениет және спорт министрі келді 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап салынып жатқан орталық барлық жаттығу, сауықтыру құрал-жабдықтарымен қамтылатын болады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 28300 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 15 пайызы тұрақты спортпен айналысады. Бұл кешен осындай санаттағы азаматтардың қолайлы жағдайда спортпен айналысуына мүмкіндік береді, — дейді облыс әкімінің орынбасары Б.Елеусінова.

Бұдан соң министр ескі қала бөлігіндегі М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапхананы аралап, оқырмандармен тілдесті. Кітапхананың жұмысын дамыту жобаларымен танысты. Мәселен, алдағы жылы облыста жаңа кітапхана салынбақ. Сол кезеңде орталықтандырылған кітапхана жүйесін цифрландыру бағдарламасы жүзеге асырылады. Яғни, осы жоба аясында облыстағы кітапханалар арасында өзара байланыс орнатылып, оқырмандардың іздеген еңбектерін тез арада табуына жағдай жасалады.

Одан әрі Мәдениет министрі облыс орталығындағы «Алақай» қуыршақ театрында тұрғындармен кездесті.

Басқосу барысында облыстың белсенді азаматтары тарихи тұлғалар мен ескерткіштерді зерттеу, олардың тарихын түгендеу, кітапхана, музей және басқа да мәдениет мекемелерін цифрландыру, өңірдегі спортқа қатысты мәселелерді шешу сынды проблемаларды көтерді.

Ақтөбеге Мәдениет және спорт министрі келді 

Кездесу соңында Дәурен Абаев БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Ақтөбе облысындағы спорт саласының дамуына оң баға беремін. Себебі бұл өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешен бой көтеріп жатыр. Мұндай нысандар қазіргі таңда елімізде санаулы-ақ. Мәдениет саласына келсек, соңғы жылдары облыста зәулім ғимараттар, ауылдарда клубтар мен мәдениет үйлері салынып жатыр. Жалпы қаоқын жаман емес емес, алдағы уақытта ірі жобалар қолға алынады. Ал облыста туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард теңгеден астам қаржыны құрап отыр. Алдағы үш жылда Ақтөбеде 221 жобаны жүзеге асырылмақ. Оған шамамен 3 триллион теңге қаржы қарастырылуда. Сондықтан Ақтөбе алдағы уақытта дамыған, туристік өңірге айналады, – деді министр.

Өзгелердің жаңалығы