Ақтөбеде кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін 350-ден астам грант берілді

27 Шілде 2023, 23:42
1055
Бөлісу:
Ақтөбеде  кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін 350-ден астам грант берілді
Фото: BAQ.KZ

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беру көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Ақтөбе облысында биылға жоспарланған 562 гранттың 354-і беріліп, оның иегерлері бизнес-жобаларын табысты түрде жүзеге асырып отыр.

Мемлекеттік грант алушылардың бірі – Ақтөбе қаласының тұрғыны Аягүл Совет 400 АЕК мөлшеріндегі бөлінген қаражатқа ұлттық көрпе тігу ісін жолға қойды.

Мен бұрын тігін тігумен айналысқанмын, бірақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде жұмыс істедім. Телефоныма келген SMS-тен қандай да бір қызмет ала алатынымды біліп, жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Ол мекемеде қажетті ақпаратты беріп, жеке кәсіпкерлікті қолдайтын шаралар туралы айтып, бағыт бағдар көрсетті, – деп бөлісті Аягүл Совет.

Аягүл іс-қимыл жоспарын алғаннан кейін «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алып, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғады. Осыдан кейін ол жеке кәсіпкерлікті ресімдеп, берілген грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.

Қазіргі уақытта Аягүл Совет кәсіпкер ретінде сүйікті жұмысымен айналысып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуда.

Уақыт өте келе өз ісімді одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмын. Мен секілді өз ісін енді ашқан кәсіпкелер үшін мемлекттік грант үлкен қолдау екені сөзсіз. Қазіргі уақытта табысым бұрынғыдан әлдеқайда өсуде, – дейді кәсіпкер.

Естеріңізге сала кетейік, биыл республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9 мың грант беру жоспарланып, оның бүгінгі таңда 5,3 мыңға жуығы берілді.

Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың үшінші ағыны осы жылдың қыркүйегінде басталады. 

Тиісті хабарландыру Министрліктің және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ресми интернет-ресурсында өтініштерді қабылдау басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын жарияланатын болады. Порталда өтініштерді қабылдау мерзімі әр ағымда 10 жұмыс күнін құрайды.

Өзгелердің жаңалығы