Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде ішкі туризм қалай дамып жатыр?

Ақтөбеде ішкі туризм қалай дамып жатыр?

Ақтөбе облысында соңғы жылдары ішкі туризм саласы дамып келеді, дегенмен өңірде бұл бағытта шешілмеген мәселелер де жетерлік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмді дамыту өте маңызды екенін, себебі бұл әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін айтқан-ды. Бұл орайда Президент:

- Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір Ақтөбе облысында ішкі туризмді дамытуға ден қойылуда. Дегенмен бұл салада күрмеуі шешілмеген мәселе әлі де көп.

Өңірде қанша туристік орын бар?

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда және туризм бөлімінің бас маманы Мейіржан Байболатовтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа келушілер саны 248 мың адамға жеткен. Оның ішінде Қазақстан азаматтары – 226,3 мың адам, ал шетелдіктер саны – 21,9 мың адам.

Ақтөбеде ішкі туризм қалай дамып жатыр?

- 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 7,19 миллиард теңгеге жетті. Бір реттік орналастыру сыйымдылығы — 5,6 мың төсек-орын. Бүгінде облыс аумағында 106 орналастыру орны, жол бойындағы 118 сервис нысаны, 3 санаторий-профилакторий, 4 туроператор және 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Табиғи аумақтың біреуі республикалық маңыздағы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты болса, 7-еуі — жергілікті маңыздағы орындар, - дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысында жол бойында 118 сервис нысаны жұмыс істейді. Оның бесеуі А санатына жатса, 4-еуі — В санатына, 61-і — С санатына, 48-і D санатына жатады. Бұл нысандар Ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Дегенмен әлі де жол бойындағы кемпингтердің сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда интернет пен ұялы байланыс сапасы нашар.

- Бүгінде облысымызға келген туристер мен тұрғындар өңірдегі туристік нысандар туралы қажетті ақпаратты алу үшін www.visitaktobe.kz сайтын пайдаланады. Мәселен, биыл аталған сайтты 18 098 адам пайдаланып, оған 8198 қолданушы тіркелген, ал 3D-турлар 308 рет қаралған. Жалпы, Visitaktobe.kz сайты халықтың Ақтөбе облысының туристік көрікті жерлері туралы хабардар болуын арттыру мақсатында белсенді пайдаланылады. Қазіргі таңда платформада шамамен 29 нысан цифрландырылған, олардың қатарында табиғи, тарихи-мәдени және қаламыздағы көрікті жерлер бар. Сайтта әрбір нысан туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілген, - дейді Мейіржан Наурызбайұлы.

Маңыздысы – сайт тек ақпарат беріп қана қоймай, сонымен қатар туристік нысандарға бағыттар құру функциясын ұсынады. Бұл жаңашылдық сапарды жоспарлау үдерісін едәуір жеңілдетіп, туристер үшін көрікті жерлерге баруды қолжетімді әрі ыңғайлы етеді. Пайдаланушылар өз бағыттарын оңай құра алады және ең тиімді жолдар бойынша ұсыныстар алып, уақыт пен күш-жігерін үнемдей алады.

- Жыл басынан бері сайтты қарау саны 18 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, сонымен қатар туристер арасында да қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік индустриясын дамытуда цифрлық технологиялардың маңыздылығын айқындайды. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласының әуежайында, “Keruen City” сауда орталығында және “Visit Aktobe” орталығында туристік ақпараттық үстелдері орнатылған, - дейді бас маман.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында туристер қызығатын, келушілер көп баратын орындар қатарында Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасы мен Қарғалы су қоймасы, Бекқұл баба ауылындағы “Көк Жайлау” демалыс базасы, сондай-ақ Мәртөк ауданындағы “Зәру” пантоемдеу орны бар.

Қасқыр сарқырамасына 25 мың адам келді

Биыл сәуір-мамыр айларында Қасқыр сарқырамасы ерекше сұранысқа ие болды. Мұнда 1,5 айдың ішінде 25 мың адам келген. Сонымен қатар жаз айларында Қарғалы ауданындағы Қарғалы су қоймасына да баратындардың саны артады.

Ақтөбеде ішкі туризм қалай дамып жатыр?

- Қазіргі уақытта аталған туристік нысандар бойынша жол карталары дайындалып жатыр, әрбір кәсіпкерлік субъектісі үшін жеке жол картасы әзірленетін болады. Бүгінде кәсіпкерлер жобалық-сметалық құжаттаманы өз қаражаттары есебінен әзірлеп жатыр. Қасқыр сарқырамасы – бұл облыс бойынша ең тартымды туристік орындардың бірі. Ол Ақтөбе қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда келушілер сәуірден маусым айының соңына дейін көп болады. Қазіргі уақытта “Байқұла” шаруа қожалығы глэмпингтер, қайықпен және жаяу серуендеу қызметтерін дамыту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр, - дейді Мейіржан Наурызбайұлы.

Ал Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Бадақовтың айтуынша, ауданда туризмді дамыту перспективалары 2018 жылы республикалық туристік картасына Қарғалы су қоймасы мен Қасқыр сарқырамасы енгізілген.

Ащылысай ауылдық округі аумағындағы Қасқыр сарқырамасы аумағын дамыту мақсатында “Байқұла” шаруа қожалығы 2021 жылы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы шеңберінде 5 млн теңге грант жеңіп алып, осы бағдарлама шеңберінде 49,4 млн теңгеге инфрақұрылым жүргізген. Қазіргі уақытта мұнда 8 киіз үй, 2 глэмпинг, 15 тапчан, 2 катамаран, 2 қайық, 4 квадрацикл сатып алынған. Сонымен қатар өткен жылы 2 үй және монша салу жұмыстарын аяқтаса, биыл дүкен, кафе және сахна салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, болашақта Мылқау ауылына дейін жылқымен серуендеуді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

- Қасқыр сарқырамасына өткен жылы 35-40 мың адам келсе, биыл 20-25 мың адам келді, жаз бойы әртүрлі аудандық, облыстық мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аталған шаралардың арқасында сарқырамаға келгендер саны 50-60 мыңға дейін артады деп сенеміз, - дейді ол.

Ал “Samet International” ЖШС Қарғалы су қоймасында демалыс және ойын-сауық паркін салу жобасын іске асыруға кірісті. Жоспарға сәйкес, барлық жобаның құны шамамен 4,5 млрд теңгені құрайды. Бұл жоспарды іске асыру өз қаражаты есебінен, банктік қарыздарды тарту және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері есебінен жоспарлануда. "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы аясында электр желісі тартылды. Аталған аумақта туристік бағытты насихаттау мақсатында 2 қонақ үй, монша және пирстер орнатылды. 2025 жылы қосымша 10 капсулді үй, су қоймасы жанынан жазғы тапчандар, суда серуендеу үшін моторлы қайықтар, гидроциклдер мен яхта секілді су көліктерін әкелуді жоспарлап отыр.

- Қазіргі уақытта ауданның туристер ең көп баратын Қасқыр сарқырамасы бағытына жалпы ұзындығы 5 шақырым жол қатынасын жақсарту мақсатында 4-категориялы автожол салу үшін шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Осы мамыр айының аяғына дейін құжаттардың дайындалуы күтілуде. Сонымен қатар Қарғалы су қоймасы баратын жалпы ұзындығы 3 шақырым, 4-категориялы жол салу үшін шамамен 1,1 миллиард теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттамасын “Samet International” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, бүгінде ауданда туризмді одан әрі дамыту мақсатында көрнекі жерлердің арнайы картасы жасақталып, "Қарғалы ауданының жеті кереметі" атты жобаны іске асыру және аталған жобаны кеңінен насихаттау үшін әлеуметтік желілер мен жергілікті блогерлер арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Бүгінде Қарғалы ауданында тарихи-мәдени 7 орынды кеңінен насихаттау үшін әртүрлі бағытта маршруттар ұйымдастырылып жатыр Аталған орындар қатарында Қарғалы су қоймасы, “Қызыл там” мавзолейі, Сәрке батыр кешені, Нұрпейіс Хәзірет мешіті (Қарабұтақ ауылы), Жел станциясы, Мылқау ауылы және Қасқыр сарқырамасы бар.

- Бүгінде Қарғалы ауданында «Қарғалы ауданының 7 кереметі» атты туристік маршрут әзірленді. Бұл бағыт ауданның жеті негізгі табиғи және тарихи орындарын қамтиды, сонымен қатар олар — мәдени мұраның маңызды бөлігі. Бұл жоба ішкі туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сәйкес келеді және Қарғалы ауданының туристік әлеуетін арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, туристік ағым мен экономикалық белсенділікті ұлғайтуға ықпал етеді, - дейді Бекзат Бадақов.

Қасқыр сарқырамасының құрылтайшысы Орынбасар Ысқақовтың айтуынша, қазір ауданда туризм саласын дамытуға барынша мүмкіндік жасалуда. Мәселен, Қарқыр сарқырамасында алдағы бір-екі айдың ішінде кафе ашылады. Сондай-ақ сарқырамаға баратын жолға асфальт төсеу мәселесі де түбегейлі шешіледі деп жоспарлануда.

- Қарғалы ауданында демалатын, табиғаты ерекше жерлер көп. Соның бірі де бірегейі осы — Қасқыр сарқырамасы. Мұнда тек серуендеп қана емес, балық аулауға, тынығып, әңгіме-дүкен құрып, түрлі шаралар өткізуге болады. Осы орайда қазір біз жаңа жобаларды жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз. Алдағы екі жылда бұл жерде қонақүй мен мейрамхана, визит орталығы салынатын болады. Биыл жол салынса, келер жылы газ жүргіземіз. Сондай-ақ биыл сарқырама аумағында мәдени-көпшілік шаралар өткізу үшін сахна жасақтайтын боламыз, кешкі кинотеатр да жұмыс жасайтын болады, - дейді Орынбасар Ысқақов.

Бүгінде кәсіпкер Қасқыр сарқымасынан бөлек, ауданда балық өсіру фермасының да жұмысын дамытып жатыр.

Айта кету керек, бүгінде сарқырамаға келушілердің кіру құны — 1000 теңге. Мұнда жеңіл көлікпен келіп, пикник, бас да көңілді ойындар ұйымдастыруға рұқсат. Ал алдағы уақытта кешкі кинотеатр жұмысын бастаса, жастар көлігімен келіп, қызықты фильмдер көруіне болады.

“Көкжайлаудың” кереметі

“QARGALY ECO RESORT” демалыс базасы (“Samet International” ЖШС) ұсынған жол картасы 2021 жылдан 2028 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, яғни кейбір жұмыстар аяқталса, қазіргі уақытта бірқатар жұмыстарды жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда және туризм бөлімінің бас маманы Мейіржан Байболатовтың айтуынша, биыл облыста тек Қарғалы ауданындағы көрікті орындар ғана емес, өңірдегі басқа нысандарды дамытуға да мән беріледі. Мәселен, “Көк Жайлау” демалыс базасында бір мезгілде мұғалжар тұқымды жылқыларды өсіру қолға алынуда. Қазіргі уақытта базада туристерге арналған үйлер мен бөлмелер, банкет залдары және демалыс пен көңіл көтеруге арналған өзге де инфрақұрылым бар. Алайда асфальтталған жолдың болмауына байланысты база тек жаз мезгілінде жұмыс істейді, осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

- 2023–2024 жылдары облыстың туристік нысандары аумағында 10 жайлы кемпинг-аймақты орнату бойынша инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілді. Байғанин ауданында “Аққұм” туристік нысанында, Мәртөк ауданындағы Аққайың орманында, Хромтау ауданындағы және Қарғалы ауданындағы Мылқау ауылында және басқа да жерлерде инфрақұрылым жасақталды. Бұл өз кезегінде туристерге де, аудан және облыс тұрғындарына да оң әсерін тигізді, - дейді ол.

Аққұмға ағылатындар көп

Байғанин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Межештің айтуынша, ауданда ішкі туризмді дамытуда “Ақтолағай” және “Аққұм-Сағыз” орындарының потенциясы жоғары.

“Ақтолағай” борлы тау сілемдері аудан орталығынан 200 шақырымдай қашықтықта орналасқан, Атырау облысымен шекаралас. Ұзындығы 90 шақырым, ені 15 шақырым болатын борлы тауға 2024 жылы 300-ден астам турист келген. “Ақтолағай” үстіртіне қолайлы жағдай жасау үшін Ебейті ауылына дейін 31 шақырым жол салу бойынша жұмыстар алдағы жылдары басталады.

- “Аққұм-Сағыз” орны аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан, Алтай батыр ауылының маңынан ұзындығы 40 шақырым, ені 15 шақырымды құрайтын құмды алқап, жанында Сағыз өзені бар. Ертеректе бұл жерде пионер лагері болған. Былтыр туристік фирмалардың ұйымдастыруымен 400-ден аса турист келді. Жол мәселесі бойынша туристік нысанға апаратын жолдың 40 шақырымы ғана асфальтталған. “Аққұм-Сағыз” орнының құжаттары жасалған, сенімгерлік басқару арқылы кәсіпкерлерге беру, туристік апаратын жолдың бойына маршрутты бағыттауыш белгілері орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жер туристер үшін құмдағы мотофестиваль, түйемен серуендеу ұйымдастыруға және Сағыз өзені жанынан туристер үшін киіз үйлер қойып, сервистік қызмет көрсетуге қолайлы, - дейді бөлім басшысы.

Бүгінде Байғанин ауданындағы туристердің қызығушылығын тудыратын табиғи ескерткіштердің бірі — Ақбота-Сәңкібай тауы. Ол Миялы ауылының солтүстігінде 45 шақырым жерде орналасқан. Екі бөлек болып үйілген үлкен ақ бор тау — табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш. Жем өзені жағынан алыстан аппақ болып көрініп тұрады. Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да, тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідегідей пішін-сиппаттарымен, өсімдік шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады, кісіні таң қалдырады. Алайда көрікті жерге апаратын жол асфальт төселмеген.

- Жалпы жыл сайын ауданның белсенді жастары және мектеп оқушыларының қатысуымен көрікті жерлерге туристік маршруттар ұйымдастырылады. Осы жылдың жаз айларында құмды алқапта фестивальдер өткізу жоспарлануда.

Жалпы, ауданда туризмді дамытудың негізгі факторларының бірі — туристік инфрақұрылымды жақсарту. Инфрақұрылым жақсармай, туризм дамымайды. Ауданда орналасқан туристік нысандарға инфрақұрылым тарту жұмыстары жылдан-жылға жақсарып келеді, - дейді Азамат Межеш.

Зерттеп білгеніміздей, Ақтөбе облысындағы туристік орындарға апаратын жолдардың сапасы нашар. Сондай-ақ мұндай жерлердің көбінде инфрақұрылым мәселесі түбегейлі шешілмеген. Тіпті, жұрт ағылып жатқан көрікті жерлерде ұялы байланыс жоқ. Ал туристер мен тұрғындарға маршруттар ұйымдастыру жағы ақсап тұр. Әзірге Қасқыр сарқырамасы, Қарғалы су қоймасына баратындар жеке көліктерімен баруда, сондай-ақ такси қызметіне жүгінуде. Алдағы уақытта мұндай туристік орындарға мартшруттар ұйымдастырылса, келушілер саны әлі де көбейер еді. Сонымен қатар облыстағы туристік орындардың көбінде келушілердің тамақтануына жағдай жасалмаған. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп сенеміз. Бұл орайда кәсіпкерлер тиімді жобаларды қолға алуда.

Тұрғындар не дейді?

 

- Біздің облыста тарихи орындар мен көрікті жерлер көп. Дегенмен халық оларды дұрыс білмейді. Себебі жауапты органдар оларды насихаттап, жарнамаламайды. Егер жарнамасы күшті болса, келушілер көп болар еді. Меніңше, бізге шетелдегідей жарнама, сондай-ақ инфрақұрылым жетіспейді. Тіпті, бізде автобустар да ұйымдастырылмайды. Биыл достарыммен Қасқыр сарқырамасына бардық. Ол жердің табиғаты да, тұрған жері де ұнады, қалаға онша қашық емес. Біз онда жеке көлікпен барған болатынбыз. Егер сарқырамаға қоғамдық көліктер шықса, онда баратындар саны бұдан да көп болар еді. Менің ендігі жоспарым — жаз шыққан соң Қарғалы су қоймасына барып, табиғат аясында демалу, -  дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Аида ТҰРҒАНБАЕВА.

 

- Қарғалы — табиғаты ерекше, облыс орталығына жақын орналасқан аудан. Сондықтан мұнда келетін туристер көп. Дегенмен туристік орындарға апаратын жолдар жөнделмеген, сондай-ақ бұл жерлерде келген адамдар тамақтанатын жер жоқ. Алдағы уақытта осы олқылықтар қалыпқа келтіріліп, келушілерге жағдай жасалса, ауданымызда туризм саласы қарқынды дамиды деп ойлаймын. Қазір туристер жағдайы бар, инфрақұрылымы дамыған, интернет жұмыс істейтін жерлерге барады. Ал біздің облыста туристік орындардан бұрын шағын ауылдарда сапалы интернет жоқ. Тіпті, Ақтөбе-Орск автокөлік жолында ұялы байланыс дұрыс ұстамайды, - дейді Қарғалы ауданының тұрғыны Жанна БЕКБОЛ. 

Бөлісу: