Ақтөбеде 8,3 млрд теңгеге әлеуметтік жобалар іске асырылады

5 Шілде 2023, 18:10
1004
Бөлісу:
Ақтөбеде 8,3 млрд теңгеге әлеуметтік жобалар іске асырылады
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Биыл Ақтөбе облысында қосымша 8,3 млрд теңгеге әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық бюджетті нақтылау, Ақтөбе қаласының түзетілген Бас жоспарын бекіту, қоғамдық көлік тасымалдаушыларының шығындарын субсидиялау және өзге де көптеген мәселелер облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Махамбетовтің төрағалығымен өткен төртінші сессияда қаралды. Отырыс жұмысына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

Сессия барысында бюджетке бөлінетін 8,3 млрд теңге көлемінде нақтыланған түсімдер қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, қосымша түсімдер бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша қаражатты үнемдеу және т. б. есебінен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтінімдерін қолдағаны үшін депутаттарға алғысын білдірді.

Қаражат, ең алдымен, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Қысқа мерзімде көптеген мәселелер шешілді, бірақ одан да өзекті мәселелер де қолдау табуы тиіс. Ол үшін бірге жұмыс істеуіміз керек, - деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласының қолданыстағы Бас жоспары 2016 жылы қабылданған. Дегенмен, қазір кейбір өлшемдері өзектілігін жойған. Осыған байланысты 2021 жылы оны түзету жұмыстары басталды. Бүгін депутаттар кешенді қала құрылысы сараптамасының оң бағасын алған «Ақтөбе қаласының Бас жоспарын түзету» жобасын мақұлдады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров жобада облыс орталығындағы проблемалық аумақтық даму мәселелерін шешу жолдары айқындалғанын, жоспарлау шектеулері, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар ескерілгенін атап өтті.

Сессия барысында тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатын кеңейту туралы шешім қабылданды. Егер бұрын тізімде тек көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, белгілі бір салаларда сұранысқа ие мамандар болса, қазір тізімге бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар енгізіледі.

Бұдан басқа, тасымалдаушылар шығындарды өтеу үшін субсидиялар алатын маршруттардың тізбесі айқындалды. Облыс су айдындарында адамдардың жазатайым қайтыс болуын болдырмау үшін шомылуға тыйым салу орындарын бекіту мәселесі қаралды.

Халық қалаулылары депутаттық сауалдарында өңірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалаудың электрондық порталын» енгізу, ветеринариялық сертификаттауды электрондық форматқа толық көшіру, Ембі тұрғындары үшін «Шалқар-Ақтөбе» пойызына билеттердің жетіспеушілігі, Ақтөбедегі аула аумақтарын жөндеуге, учаскелік полиция пункттерін салуға қаражат бөлу туралы мәселелерді жеткізді. Барлық сауалдарды уәкілетті мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде мұқият қарайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы