Ақтөбеде көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылған 24 жастағы ер адам араға үш ай салып қайтадан рөлге отырған. Оның үстіне жүргізуші мас күйде болған және полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 қыркүйек күні таңғы сағат 5:00 шамасында болған. Сартай батыр көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Avensis автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының талабын елемей, қозғалысын жалғастырған. Полицейлер көліктің соңынан жүріп, оны тоқтатқан.
Рөлде 24 жастағы жергілікті тұрғын болған. Тексеру барысында оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
8 маусымда сот шешімімен ер адам көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылған. Алайда үш айға да жетпей қайтадан көлік тізгініне отырған.
Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Жүргізуші ұсталып, Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Заңнамаға сәйкес, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Тағы оқи отырыңыз: Жол апатын жасап, Қонаевқа қарай қашқан: Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды