Ақтөбеде 51 қару тәркіленіп, 71 шетел азаматы анықталды

Полицияның «Қауіпсіз үй» рейді кезінде көші-қон заңнамасын бұзу, қаруды сақтау талаптарын сақтамау және жасөспірімдерге қатысты деректер тіркелді.

16 Қазан 2026, 13:23
АВТОР
 Ақтөбе облысының Полиция департаменті 16 Қазан 2026, 13:23
16 Қазан 2026, 13:23
90
Фото: Ақтөбе облысының Полиция департаменті

Ақтөбе облысында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 90 дерегі анықталды. Заңсыз жүрген 71 шетел азаматының 37-сін елден шығарып жіберу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр.

37 шетел азаматын елден шығару мәселесі қаралады

Ақтөбе облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібін, көші-қон заңнамасының сақталуын және олардың тұратын орындарын тексерді.

Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 90 дерегі тіркелді. Оның ішінде Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 71 шетел азаматы анықталды. Олардың 37-сіне қатысты сот тәртібімен елден шығару үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары ұйымдастырылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жалға берілетін тұрғын үйлер де тексерілді

Профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері ерекше назар аударуды қажет ететін 841 мекенжайды анықтады. Оның 660-ында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеру кезінде 55 дерек анықталып, тиісті ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына жолданды.

51 қару тәркіленді

Сонымен қатар полиция қызметкерлері азаматтық қару иелерінің 1 014-ін тексерді. Нәтижесінде қаруды сақтау қағидаларын бұзудың жеті дерегі және оны тіркеу немесе қайта тіркеу мерзімдерін бұзудың бір дерегі анықталды.

Заң бұзушылықтарға байланысты 51 қару бірлігі тәркіленді. Бұдан бөлек, тіркелмеген екі атыс қаруы табылып, тәркіленді.

54 жасөспірім ұсталды

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға да назар аударылды. Нәтижесінде 54 жасөспірім ұсталды.

Олардың біреуі алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе мас күйде жүргені үшін, сегізі заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болғаны үшін анықталды. Тағы 11 кәмелетке толмаған жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды, - делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті шетел азаматтарын Қазақстан заңнамасын сақтауға, ел аумағында болу мерзімдерін бақылауға және қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырды.

Тағы оқи отырыңыз: 

Наверх