Ресейлік саясаттанушылар Тоқаевтың дипломатиялық шеберлігін жоғары бағалады

Сарапшылардың пікірлері Қазақстанның сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымы мен дипломатиялық әлеуетіне халықаралық деңгейде назар аударылып отырғанын аңғартады.

 Ақорда 29 Қараша 2026, 21:52
29 Қараша 2026, 21:52
190
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты мен халықаралық мәселелердегі байыпты ұстанымы ресейлік саясаттанушылардың оң бағасына ие болып отыр. Сарапшылар Мемлекет басшысының дипломатиялық тәжірибесі, саяси пайымы және түрлі мемлекеттермен теңгерімді байланыс орнату қабілетіне назар аударған.

Ресейлік саясаттанушы Константин Калачев Тоқаевтың жуырда Кремльде өткен кездесуде айтқан «Геосаясат би билеп кетті» деген сөзін дипломатиялық шеберліктің жоғары үлгісі деп бағалады.

Оның пікірінше, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделілігін, халықаралық сенімнің әлсіреуін және мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды Қазақстан Президенті қысқа ғана тіркеспен дәл жеткізе алған. Сарапшы басқа саясаткерлер жаһандық өзгерістерді ұзақ талқылап жатқанда, Тоқаевтың бір ауыз сөзі қазіргі жағдайдың мәнін ашқанын атап өтті.

Қазақстанның көпвекторлы саясатына да Ресей сарапшылары оң көзқарас білдіріп келеді. Мәселен, ресейлік саясаттанушы Виталий Млечин Тоқаевтың сөздерінен кәсіби дипломатқа тән байыптылық пен мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоятын ұстаным байқалатынын айтқан. Оның бағалауынша, Президент халықаралық жағдайды терең түсініп, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға басымдық береді.

Ал саясаттанушы Константин Калачев көпвекторлы бағыт одақтастық қатынастардан бас тарту дегенді білдірмейтінін атап өткен. Оның пікірінше, Қазақстан Ресеймен тең құқылы әріптестік байланыстарын сақтай отырып, өзге мемлекеттермен де ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

2026 жылғы тамызда Астанада өткен Ұлттық сараптамалық орталықтар форумында Орталық Азия бойынша сарапшы Андрей Казанцев Қазақстанның сыртқы саясатын «үлкен жетістіктер саясаты» деп бағалады. Оның пікірінше, бұл бағыттың табысты болуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі, бірнеше тілді меңгеруі және түрлі мәдениеттермен сындарлы диалог орната білуі ықпал етеді. Сарапшы көпвекторлы саясатты елдің маңызды стратегиялық ресурсы деп атады.

Ресейлік саясаттанушы Александр Дроговоз 2026 жылғы қарашада Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымын «тепе-теңдік дипломатиясы» деп сипаттады. Ол елдің Ресеймен одақтастық қатынасты сақтай отырып, өзге халықаралық серіктестермен де белсенді байланыс орнатуын жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастығына назар аударды.

Өңірлік проблемалар институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлев Қазақстанның Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін атап өтті. Оның пікірінше, елдің географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті мен көпвекторлы саясаты өңірдегі тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттер мүддесін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Ал ресейлік сарапшы Александр Ананьев Тоқаевтың Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық орнатуға қатысты ұсынысын қолдады. Ол «ТМҰ+» форматын қарастыру немесе Мәскеуге бақылаушы мәртебесін беру Еуразия кеңістігіндегі диалогты кеңейтіп, мемлекеттер арасындағы байланысты нығайта алады деп есептейді.

Сарапшылардың пікірлері Қазақстанның сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымы мен дипломатиялық әлеуетіне халықаралық деңгейде назар аударылып отырғанын аңғартады. Ел үшін басты міндет – қалыптасқан әріптестік байланыстарды сақтай отырып, тәуелсіз шешім қабылдау және ұлттық мүддені қорғау.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25-26 қарашада жұмыс сапарымен Мәскеуде болып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард долларға жақындап келеді. Бұдан бөлек, Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысып, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық көлік дәлізін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сапар қорытындысында тараптар бұрын қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға басымдық беруге уағдаласты.

Наверх