Ақмола облысының Сандықтау аудандық соты кәмелетке толмаған ұлына күш қолданған ер адамға жаза тағайындады. Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ал баласы әкесін кешіріп, оны жазаламауды сұрағанымен, сот қылмыстық істі тоқтатудан бас тартты.
Сандықтау аудандық сотында кәмелетке толмаған балаға күш қолданып, тән ауруын келтіргені үшін Қ. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Ақмола облысының Сандықтау аудандық соты хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға ер адам үйде 2015 жылы туған ұлымен бірге болған кезде болған. Әкесі мен баласының арасында жанжал туындап, оның барысында ер адам ұлын киімінің кеуде тұсынан ұстап, құлағынан алақанымен ұрған және итеріп жіберген.
Сот отырысында Қ. өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.
Баласы әкесін кешірген
Сотта кәмелетке толмаған жәбірленушіден педагог пен психологтың қатысуымен жауап алынды. Бала әкесін кешіргенін айтып, оны жазаламауды сұрады. Сондай-ақ жанжалға өзін кінәлі санайтынын және қазіргі уақытта оңалту орталығында жүргендіктен, үйіне оралғысы келетінін жеткізді.
Жәбірленушінің қорғаушысы тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды өтінді. Алайда баланың заңды өкілі және қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі маман бұл өтінішке қарсы болды. Олар баланы тиісті деңгейде тәрбиелеу және оның мінез-құлқын бақылау қажеттігін атап өтті.
Педагог-психолог баланың мінезі күрделі екенін айтып, оған ата-анасының тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп, тиісті тәрбие мен бақылау жасалуы керектігін түсіндірді. Осыған байланысты әкеге ұлымен қарым-қатынас жасау және оны тәрбиелеу мәселелері бойынша ұсынымдар берілген.
Баланың сынып жетекшісі де сотта әкесінің ұлының өміріне араласып, ата-аналар жиналысына қатысатынын, оқу үлгерімі мен тәрбиесіне қызығушылық танытатынын айтты. Сонымен қатар баланың тәрбиесі мен мінез-құлқын бақылауға қатысты мәселелерге назар аударды.
Неліктен іс тоқтатылмады?
Сот Қ.-ның кінәсі жәбірленушінің және куәлардың айғақтарымен, зерттеу қорытындыларымен және істің өзге де материалдарымен дәлелденгенін анықтады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағына сәйкес, кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолдану әрекеттері үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 30-дан 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы көзделген.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалғанын ескере отырып, тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Сонымен бірге баланың бұдан әрі қайда тұратыны, оны орналастыру және құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері сот үкімімен шешілмейтіні, бұл мәселелер тиісті органдардың құзыретіне жататыны атап өтілді.
Сот қандай жаза тағайындады?
Жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін толық мойындағаны, жасаған ісіне өкінгені және жәбірленушінің әкесін кешіріп, қатаң жаза талап етпегені ескерілді. Бұған қоса, баланың денсаулығына зиян келтіретін дене жарақаттары болмағаны және сотталушының материалдық жағдайы назарға алынды. Сот мәліметінше, ер адам жесір әрі уақытша жұмыс істемейді.
Нәтижесінде сот үкімімен Қ.-ға 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.
Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқи отырыңыз: