Ақтөбеде 400 жас сарбаз ант қабылдады

28 Шілде 2022, 18:33
1590
Бөлісу:
Ақтөбеде 400 жас сарбаз ант қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің қатарын толықтырған 400-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады.

Үлкен алаңда, жақындары мен командирлерінің алдында салтанатты жағдайда Алматы, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған жас жауынгерлер Отанға адал болуға серт берді.

Салтанатты жиында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры Жандарбек Спан, 6655 әскери бөлімінің командирі полковник Мирас Тұрдалин, бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Сәлімгерей Қабылов, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша сарбаз аналары кеңесінің төрағасы Олеся Старых құттықтау сөз сөйледі.

Әскери ант – ер адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Сіздерді осындавй айтулы сәтпен, ал Ұлттық ұлан әскерлерін жас толықтырумен құттықтаймын! «Ұлттық ұлан сарбазы» атағын абыроймен алып жүруді, кәсіби және қызметтік міндеттерді адал орындауды және әрқашан заңның қорғалуын сақтауды тілеймін, - деді құттықтау сөзінде әкім орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Ақтөбеде 400 жас сарбаз ант қабылдады

Салтанатты рәсімнен кейін мерзімді қызметтегі сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен әзірлеген қойылымдар көрсетті.

Әскерге шақырылушылар антқа дейін жас жауынгер курсынан өтіп, онда әскери қызметтің негіздерін зерделеп, үйренді. Енді олар екі апта ішінде тиісті пәндер бойынша оқуды жалғастырып, сынақтар тапсырады, жауынгерлік қызметке шығуға дайындалады. Содан кейін түзету мекемесінде және Ақтөбе қаласының көшелерінде қауіпсідікті қамтамасыз ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы