Орқаш шатқалы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылының маңында орналасқан және бірегей табиғи ландшафтымен әрі биоалуантүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 300-ге жуық түрі өседі, оның 32-сі сирек кездесетін түрлерге жатады.
Орқашта қайың, көктерек, қарағаш, терек және итмұрын өскен орман алқаптары, сондай-ақ Сабындыкөл, Ащыкөл, Шіліктікөл және Қамыстыкөл көлдері бар. Бұл аумақта қабан, елік, қоян, түлкі, қасқыр және құстардың ондаған түрі мекендейді. Сондай-ақ мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ел аумағында өте сирек кездесетін дөңгелек жапырақты шықшөп өседі.
2012 жылы Орқашқа ерекше қорғауды қажет ететін аумақ мәртебесі берілді. Ал 2023 жылы облыс әкімінің қаулысымен «Орқаш орманы мен жануарлар дүниесін қорғау» мекемесі құрылды.