Сеутада мигранттарға қарсы наразылық өршіді: өрт қойылып, газ қолданылды

Жергілікті тұрғындар мигранттар лагеріне азық-түлік жеткізіп жатқан Қызыл Крест көліктерінің жолын да бөгеуге тырысқан.

 euronews.com 29 Тамыз 2026, 06:45
29 Тамыз 2026, 06:45
162
Фото: euronews.com

Жергілікті тұрғындар мигранттар лагеріне азық-түлік жеткізіп жатқан Қызыл Крест көліктерінің жолын да бөгеуге тырысқан.

Испанияның Сеута қаласында наразылық білдірушілер Бенитес жағалауындағы мигранттар лагерінде өрт шығарды. Бұл жерде Мароккодан келген адамдар бірнеше аптадан бері тұрып жатыр. Бұл туралы Bild басылымы хабарлады.

Мигранттар орналасқан лагерьлердің маңындағы наразылық акциялары бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Бірнеше күн бұрын ондаған жергілікті тұрғын Бенитес жағалауында тұрып жатқан мигранттарға азық-түлік пен су жеткізіп бара жатқан Қызыл Крест көліктерінің жолын бөгеуге тырысқан.

Алдыңғы күні наразылық білдірушілердің бір тобы от жағып, мигранттардың заттары мен мүліктерін отқа лақтыра бастаған.

Полиция мигранттар мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығысты тоқтатты. Құқық қорғау органдары көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Мигранттардың өздері де күш қолданған. Алдыңғы күні олар Испанияның әскери көлігіне тас лақтырған. Соның салдарынан бір әскери қызметші жеңіл жарақат алған. Осы оқиғадан кейін Марокконың 12 азаматы ұсталды.

Бұған дейін Сеутаның тағы бір жағажайы – Эль-Трамполинде заңсыз миграциямен күрес бойынша ауқымды операция жүргізілгені хабарланған. Билік мигранттарды уақытша баспаналарға орналастыратынын мәлімдеген.

Шілде айының соңында Испания шекарасы ашылады деген қауесеттен кейін бір тәуліктің ішінде Мароккодан шамамен 60 мың мигрант шекарадан өткен. Олар Испанияға тиесілі Сеута анклавына барған. Сеута жағалауының бойынан қаза тапқан 57 адамның денесі табылған.

Кейін Еуропалық одақ өкілдері Испанияға заңсыз өткендердің басым бөлігі өз еркімен Мароккоға қайтқанын хабарлады. Ал Сеутада қалған мигранттар Испаниядан баспана сұрауға мүмкіндік беруді талап етіп отыр.

Наверх