Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақты

25 Наурыз 2023, 19:16
861
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақты

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қобда және Ойыл аудандарында орын алған табиғи апат салдары жойылады, облыстың басқа аумақтарында қауіп жоқ, жағдай тұрақты. 

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында хабарлады. 

Онлайн режімде Ералы Тоғжанов өңірдегі қалыптасқан су тасқыны жағдайы және ТЖ жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. 

Облыс аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар 2022 жылдың қыркүйегінде басталды. 

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласындағы 5 өзеннің арналары тазартылды (Сазды, Тамды, Жіңішке, Бұтақ, Песчанка), осы аумақтағы тұрғын үйлерді су басу қаупі азайды. Алайда, наурыз айының басында күннің күрт жылыну салдарынан облыс аумағындағы қар қарқынды еріп, нәтижесінде 13 наурыздан Қобда және Ойыл аудандарында су тасқыны басталды, бұл аудандарда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Айта кетейік, Ақтөбе облысында биылғы қыста 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп қар жауды.

Қобда және Ойыл аудандарында арнайы комиссия құрылып, залал есептеледі. Қобда ауылында су басқан үйлердің тұрғындары үшін 24 үйдің құрылысы басталды, құрылыс жұмыстарын маусым айында аяқтау жоспарлануда, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Сондай-ақ облыс аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы су өткізгіш құбырлар арқылы қар суларының қиын өткендігі туралы деректер тіркелді. Бүгінгі таңда бұл учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, барлық бағыттарға жолдар ашық. 

Әлихан Смайылов келесі жылы су басу қаупін едәуір төмендету үшін су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын барынша іске асыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. 

Үкімет отырысынан кейін өңір басшысы аудандар әкімдерінің жергілікті жерлердегі ағымдағы ахуал туралы баяндамаларын тыңдап, су тасқынына қарсы шараларды күшейту және ҚР Үкіметінің тапсырмаларын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Өзгелердің жаңалығы