Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңірдегі жол жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылым салу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы заңсыздықтарды әшкереледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Есқали Саламатовтың айтуынша, бүгінде өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында орын алған заңсыздықтар көп. Мәселен, департамент жүргізген мониторингтің нәтижесінде шағын архитектуралық пішіндерді орнату үшін жеткізушілерді таңдау кезінде жасанды демпинг және келісімшарттар жасалғаннан кейін шығындарды негізсіз өсіру деректері анықталған.
2020 жылы Ақтөбе қаласындағы 422 шағын архитектуралық пішінді, сондай-ақ 94 тарихи ескерткіш пен мемориалдық кешенді күтіп-ұстауға 46,0 миллион теңге бөлінген. Байқау қорытындысы бойынша жұмыс құнын мүмкіндігінше 25,2 миллион теңгеге дейін төмендеткен «Қайсар Relations» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Негізгі шарт жасалғаннан кейін 15 күн өткен соң Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тапсырыс беруші ретінде қосымша келісімшарт жасасқан. Онда міндеттеме сомасы 43,8 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған, ал бұл ретте жұмыс көлемі негізгі шарт негізінде өзгеріссіз қалған. Осыған ұқсас жағдай Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандары әкімдіктерінің қызметінде де жеке-жеке анықталды. Онда Алматы ауданында келісімшарт сомасы 15,0 миллион теңгеге, Астана ауданында 20,6 миллион теңгеге ұлғайтылған, - дейді Есқали Саламатов.
Оның айтуынша, облыста мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың құқығын шектеу, талапқа сәйкес емес жұмыстарды қабылдау, смета құнын негізсіз асыру деректері де анықталып отыр. Мысалы, 2022 жылы Ақтөбе қалалық әкімдігі жалпы құны 444,6 млн. теңгеге «Қала үйлерін сәндік жарықтандыру» жобасын жүзеге асырған. Осы жобаны іске асыруда тапсырыс беруші қатысушыларға сәндік-әрлеу жұмыстары саласында тәжірибенің болуы талабын негізсіз белгілеген. Бүгінде осы аталған жобалар бойынша департамент талдау жүргізіп, жемқорлық тәуекелдерін жою жоспарын әзірлеуде.
Сапасыз жолдар, миллиардтаған қаржы...
Аталған департаменттің превенция басқармасының басшысы Марат Хайруллиннің айтуынша, заң бұзушылықтар жол салу және жөндеу саласында да көптеп анықталуда. Мәселен, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы «Мәртөк-Байторысай-Полтавка» облыстық автомобиль жолын орташа жөндеу» жобасы бойынша жөндеу жұмыстары 2023 жылы аудан орталығынан басталған. Жоба құны — 3 млрд теңге. Белгілі болғандай, жөнделген учаскелерге инертті материалдарды тасымалдайтын жүк көлігі жөнделген жол бойымен жүріп өткені анықталды, осылайша ұзындығы 15 шақырым жолдың 4,1 шақырымы (шамамен 30 пайызы) бұзылған. Осылайша жауапты мамандар жол жөндеу процесін тиімсіз жоспарлап, жауапкершілік танытпаған.
Мұндай деректер Қобда ауданындағы «Қобда-Сарыбұлақ» тас жолының 0-13,8 шақырымында да анықталды. Сондай-ақ, биыл Ырғыз ауданының әкімдігімен құны 3,1 миллиард теңгеден асатын «Құтикөл-Жарма» тас жолының құрылысы жобасы жүзеге асырылуда, жолдың ұзындығы — 15 шақырым. Ырғызда 7 мың адам, Құтикөлде 1100 адам тұрады, екі елді мекенге де жол жоқ, бірақ 200 тұрғынға (Жарма ауылы) жол салуға 3,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл ретте «Ырғыз-Құтикөл» тас жолын орташа жөндеу бойынша 1,1 миллиард теңгені құрайтын жоба аяқталмай, мердігер компанияның болмауына байланысты тоқтатылған. Осылайша, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Мәртөк, Қобда, Ырғыз аудандарының әкімдіктері жолдарды жоспарлап, салуда сәтсіздікке ұшыраған, - дейді ол.
Оның айтуынша, Қобда ауданында «Бестау-Жарсай» жолын орташа жөндеу» жобасы бойынша бұрын жөнделген ұзындығы 300 метрлік учаскеге бюджеттен қаржы бөлінген. Мәселен, 2021 жылы 56-69,1 шақырым учаскесінде көрсетілген жолға 437 млн теңгеге орташа жөндеу жүргізілген. Тапсырыс беруші — Қобда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Бөлінген қаржы 100% игеріліп, барлық жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ №2 учаске саналатын жолдың 42,4-56,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылы конкурс жарияланған. Құжаттамаға сәйкес №2 учаскеге №1 учаскенің жол учаскесі, яғни 300 метрлік жол бөлігі кіреді, ал ол бұрын орташа жөндеуден өткен. Демек аталған жол учаскесін орташа жөндеу жобасына екінші рет қайта қосу бюджет қаражатын жымқыру тәуекелін тудырады немесе бұл №1 жол учаскесі бұрын орындалмаған жұмыстардың орнын толтыру үшін жүргізілген. Қайталанатын учаскенің құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны шамамен 31 миллион теңге болады.
Сондай-ақ аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдіктері жеңімпаздарды анықтау кезінде техникалық базасы, құрал-жабдықтары және қажетті штаттық деңгейі жоқ мекемелерге артықшылық беретіні, бұл жұмыстарды өткізуге жағдай жасайтыны анықталды. Конкурстық рәсімдерге сәйкес, қатысушылар тартылған қосалқы мердігер ұйымдар туралы ақпарат беруге міндетті, алайда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудандардың және Ақтөбе қаласының әкімдіктері ұсынған тапсырыс берушілер қатысушылардың осы талаптарды орындамағанын елемейді. Оның үстіне, аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдіктері мердігерлер арасында қосалқы мердігерлердің бар-жоғын қадағаламағандығы анықталып отыр. Мәселен, «ТенгриСтройИнвест» ЖШС (5 адамға дейінгі шағын кәсіпкерлік субъектісі) автокөлік түрінде тіркелген мүлкі, автомобиль жолдарын жөндеуге арналған арнайы техникасы, автомобиль жолдарын жөндеуге арналған арнайы техникасы жоқ болса да, жалпы құны 3,6 млрд теңгеге Мұғалжар, Темір, Қобда, Шалқар аудандарында автомобиль жолдарын орташа және күрделі жөндеу бойынша 20 жобаға келісімшарт жасасқан, - дейді Марат Хайруллин.
Оның айтуынша, осыған ұқсас сипаттамалары бар «Батыс Асфальт» ЖШС да Ақтөбе облысындағы (Ырғыз және Мәртөк) автомобиль жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу бойынша жалпы сомасы 435 млн теңгеден астам 4 жобаға келісімшарт жасасқан.
Бұл олқылықтар әлеуетті жеткізушілер арасында жосықсыз бәсекелестіктің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырып, жобаға қатысушылар арасындағы сөз байласу барын білдіреді. Сондай-ақ талдау Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктері автомобиль жолдарын жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама жүргізбей, конкурс өткізетінін анықтады. Мәселен, Ақтөбе қаласының әкімдігі 2023 жылы жалпы сомасы 644,2 миллион теңгелік 6 жобаға заңда белгіленген мемлекеттік сараптаманы жүргізбеген, - дейді департаменттің превенция басқармасының басшысы.
Жосықсыз мердігерлердің жауапсыздығы
Бүгінде Ақтөбе облысындағы жол саласындағы мәселенің бірі — құрылыс-монтаж жұмыстарының уақытылы орындалмауы. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Толағай-2050» ЖШС арасында «Шалқар-Бозой» аудандық автожолының 95-115 шақырым аралығындағы учаскесін күрделі жөндеуге келісімшарт жасасқан. Жоба құны — 3,1 млрд теңге. Орындалу мерзімі — 10 ай.
Марат Хайруллиннің айтуынша, 2023 жылы мердігерге 502,8 млн теңге көлемінде материалдар сатып алу үшін аванстық төлем берілген, оның қазіргі таңда 129 млн теңгесі ғана игеріліпті.
Жолдың көрсетілген учаскесіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша мердігер жобаны жүзеге асырудың бір жарым жыл ішінде толық көлемде емес, тек жер жұмыстарын жүргізгені анықталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жосықсыз мердігерге шешуші шара қолданудың орнына келісімшарт мерзімін негізсіз ұзартып берген. Осыған байланысты ішкі аудит жүргізу мәселесін қарау және жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға шара қолдану ұсынылды, - дейді ол.
Аталған департамент Ақтөбе облысында жосықсыз мердігерлердің жұмысын тексермей, керісінше оларға «қолдау» көрсету деректерін анықтап отыр. Мәселен, Ырғыз аудандық әкімдігі 2021 жылы «Абай-Б» ЖШС-мен «Ырғыз-Құтикөл» автожолын және Құрылыс ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге келісімшарт жасасқан. Бұл жобалардың ұзындығы — 37 шақырым, оларды жөндеуге бюджеттен 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2021 жылдан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілген, мердігер 556,9 млн.теңге қаржы жұмсаған. Айта кету керек, келісімшарт күшіне енгеннен бері тапсырыс беруші мердігермен қосымша 13 келісімшарт жасасқан. «Абай-Б» ЖШС-ның шарттық міндеттемелерді орындаудың бастапқы мерзімі — 10 ай. Алайда Ырғыз аудандық әкімдігінің келісімімен жөндеу жұмыстары бүгінге дейін аяқталмай, мердігер мекеме жұмыстарды тоқтатқан.
2023 жылы тапсырыс беруші «Абай-Б» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 3 талап арыз берген. Алайда 2023 жылдың 25 тамызы мен 22 қыркүйегінде жоғарыда көрсетілген талаптарды тапсырыс беруші кері қайтарып алған. 2023 жылдың желтоқсан айында тапсырыс беруші қайтадан сотқа шағым түсірген, бірақ талап арыз берудің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты талап арыздан бас тартылған. Жоғарыда келтірілген мән-жайлар әкімдіктің тапсырыс берушінің мердігер ұйымның мүддесін қорғағанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл дерек бойынша кінәлілерді жазаға тарта отырып, қызметтік тексеру жүргізу қажеттілігі анықталып отыр.
«Сақалды» құрылыстар «жыры»
Агенттіктің орталық аппаратының тапсырмасы бойынша департамент былтырдан бастап Ақтөбе облысындағы әлеуметтік нысандарды салу мерзімін бақылауға алған. Бүгінде облыстағы 17 проблемалық нысанның 10-ы ғана пайдалануға берілген.
Бұл кемшіліктер жүйелі сипатқа ие, себебі тапсырыс беруші — облыстық құрылыс басқармасы. Мысалы, Шалқар қаласында салынған мектепте әлі күнге дейін кәріздік сорғы стансасы жұмыс істемейді, үй-жайларды желдету жүйесі орнатылмаған, аулада спорт алаңы жоқ, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен қатар, бұл мәселелер бұрын айтылған, алайда кемшіліктер әлі күнге дейін жойылмай отыр. Айта кету керек, бұл мектептің құрылысына бюджеттен 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған, - дейді превенция басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, проблемалық нысандардың қатарында туберкулез диспансерінің ғимараты да бар. Бұл ғимарат 300 адамға арналған. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, бұл диспансерге қажеттілік жоқ, дегенмен әкімдік тарапынан бюджеттен 500 миллион теңге жұмсалған, қолданыстағы ғимаратты пайдалану бойынша нақты шаралар қабылданбай отыр. Ал бес жылдан бері құрылысы жүріп жатқан Шилісай ауылындағы жаңа мектептің «жыры» әлі бітпек емес.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, қазір мектептің ішін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Негізі, бұл мектепте бір ауысымда 600 бала оқуы керек, сонда екі ауысымда тәулігіне 1200 бала оқи алады. Алайда Шилісай тұрғын алабындағы мектеп жасындағы балалардың жалпы саны — небәрі 88 бала. Бұл жағдай жергілікті атқарушы органдардың жобаларды жүзеге асырғандағы жауапсыздығы мен нәтижесіз жұмысын көрсетеді, - дейді М.Хайруллин.
Айта кету керек, бұл мектепке жалпы сомасы 1,8 млрд теңге жұмсалған. Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасы мектептің құрылысын бес жылдан бері аяқтай алмай келеді. Ал білім басқармасы жаңа мектепке мыңнан астам оқушыны қайдан «табатынын» білмейді.
Р.S.: Қалай десек те, бүгінде облыстағы жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында проблема көп. Оған қарапайым дәлел — қала көшелеріндегі сапасыз жолдар. Ақтөбеліктер жолдың «жырын» айтып шаршады. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, нәтижелі жұмыс аз. Бұл пікірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мамандары да қосылады. Ендігі олардың міндеті — жоғарыда аталған жобалар бойынша жауаптыларды анықтап, жауапкершілікке тарту.