Ақтөбе облысында жол апатынан көз жұмғандар саны артқан

10 Мамыр 2023, 18:23
1089
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жол апатынан көз жұмғандар саны артқан
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының саны азайғанымен, жол апатының салдарынан көз жұмғандар саны көбейіп отыр. Сондай-ақ жастар арасында тіркелген қылмыс саны артқан, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев айтып берді.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде жол-көлік оқиғалары 10 пайызға дейін азайған. Мәселен, былтыр осы кезеңде 134 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл 120 оқиға болған. Алайда жол апатының салдарынан көз жұмғандар саны биыл 36,8 пайызға артқан. Мәселен, 2022 жылдың төрт айында облыста 19 адам қаза тапса, биыл жолда көз жұмғандар саны 26 адамға жетіп отыр.

 Оның ішінде облыста кәмелет жасқа толмаған балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары 20,7 пайызға, ал жолда жараланған жолаушылар саны 30,5 пайызға артып отыр. Әрине, бұл — өте жағымсыз көрсеткіш. Жалпы қаза тапқандар мен жараланғандардың өсуіне облыста болған соңғы екі жол-көлік оқиғасы себеп болды.Атап айтсақ, 21 ақпанда Самара-Шымкент автокөлік жолы бойында екі жеңіл автокөлік соғысып, нәтижесінде үш адам көз жұмды. Сондай-ақ 4 наурызда Шалқар-Бозой автожолында болған жол апаты салдарынан бір жасөспірім көз жұмып, 4 адам дене жарақатын алды, — деді Қ.Әлиев.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған жол апаттарының дені республикалық және халықаралық маңызы баор Самара-Шымкент тас жолы бойынша тіркеліп отыр. Тіркелген 120 жол апатының 12-сі шетел азаматтарының қатысуымен болған.

Ақтөбе облысында жол апатынан көз жұмғандар саны артқан

Біз аталғандай жол апаттарының алдын алу үшін көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мәселен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазір автокөлік жолдарында цифрлық технологияларды қолданып жатырмыз. Атап айтсақ, жыл басынан бері 17 орынға жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 61 камера орнаттық. Сондай-ақ жол-патрульдік полиция инспекторларының қолына берілген арнайы планшеттердің көмегімен көлік жүргізу құқығынан айырылған 37 жүргізушіні ұстадық. Бұдан бөлек, технологиялардың арқасында жалған мемлекеттік нөмірлері бар үш жүргізуші ұсталып, 51 көлік айыппұл тұрағына қамауға алынды. Сондай-ақ 13 көліктің мемлекеттік нөмірін тәркіледік. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасатын болады, — дейді Қанат Әлиев.

Сондай-ақ облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары соңғы бес жылда Ақтөбе өңірінде қылмыс көрсеткіші азайғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. 2018 жылмен салыстырғанда Ақтөбе облысында бүгінде қылмыс саны екі есеге азайып отыр.

 Жалпы республикамызда тіркелген қылмыстардың 4 пайызы ғана біздің өңірімізге тиесілі. Биылғы жылдың 4 айында облыста 2021 құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Оның ішінде дейін кісі өлтіру биыл — 5 пайызға, зорлау дерегі — 55 пайызға, тонау — 42 пайызға, ұрлық — 24 пайызға, бұзақылық — 11 пайызға, ал мал ұрлығы 45,5 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ соңғы екі жылда өңірде қоғамдық орындарда, отбасылық жағдайларда болатын қылмыстар саны да азайды, — дейді ол.

Өкінішке қарай, соңғы екі жылда облыста кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен болған қылмыс деректері көбейіп отыр. Мәселен, 2021 жылғы 4 айда 20 қылмыс тіркелсе, былтыр 4 ай ішінде 37 қылмыс болған. Яғни, өсу деңгейі 80 пайызға жеткен. Аталған 37 қылмыстың 26-сы немесе 70,3 пайызы мүлік ұрлау дерегі болса, алтауы — адамдарға зиян келтіру және адам өлтіру дерегі.

 Облыста бір кәмелетке толмаған жас аффект жағдайында кісі өлтірген. Сондай-ақ денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша – 4, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша бір қылмыс тіркелді. Ал қалғаны бұзақылық деректері болып отыр. Дегенмен қандай жағдай болса да жасөспірімдердің қылмыс жасауына жол бермеуіміз керек. Бір қызығы, қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 80 пайызы — бұрын облыстық полиция департаментінің есебіне тұрмаған жастар. Тіпті, олар полицияның көзіне түспеген. Ал биылғы жылдың төрт айы ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық деңгейі тағы 25 пайызға көбейіп отыр. Яғни, 2022 жылдың 4 айында 37 қылмыс жасалса, қазір бұл көрсеткіш 45-ке жетті. Оның ішінде адамға қарсы 17 қылмыс жасалса, 8-і — мүлік ұрлау дерегі, жетеуі — кәмелетке толмағандар зардап шеккен жол-көлік оқиғалары дерегі бойынша қылмыс, қалғаны — бұзақылық деректері. Жалпы аталған қылмыстарға қатысы бар және зардап шеккендердің дені — толық емес отбасылардан және қолайлы отбасылардан шыққан жастар. Бұдан келетін түйін, кез келген отбасындағы жасөспірім бір сәтте-ақ тура жолдан тайып кетуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар өз балаларын бақылап, олардың түн мезгілінде көшеге шығуына, жағымсыз әдеттерге үйір болуына, қылмыс жасауына қарсы тұрып, алдын алу шараларын қабылдау керек, — дейді Қ.Әлиев.

Полиция департаменті мамандарының берген деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері облыста 1,5 мың жас полиция бөлімдеріне жеткізілген. Олардың ішінде бір мыңға жуығы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. 44 жас «Аяла» аталатын өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Осы тұрғыда полиция департаментінің мамандары ата-аналарға кешкі мезгілде кәмелет жасқа толмаған балаларын көшеге шығармау керектігін ескертеді.

Жол-көлік оқиғасы демекші, бүгін ғана облыста кәмелетке толмаған жасөспірімнің автокөлік басқарғаны анықталды. Ол үшін баланың ата-анасы жауапқа тартылады. Қазір бала мінген автокөлік айыппұл тұрағына алынған.

Өзгелердің жаңалығы