Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалардан үш адам көз жұмды

28 Сәуір 2023, 19:35
849
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалардан үш адам көз жұмды
Фото: Егемен Қазақстан

Ақтөбе облысында үш айдың ішінде 3 жұмысшы өндіріс орнында көз жұмған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін 28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Бұл кәсіби мереке елімізде 2003 жылдан бері атап өтіліп келеді. Жалпы бұл күнді әлемнің 110 елі жұмыс орнында қаза тапқан немесе зардап шеккен жұмысшыларды еске алу мақсатында атап өтеді.

Осы мерекеге орай бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиев өндіріс орындарында
болған жазатайым оқиғалар мен жұмысшыларға жасалып жатқан жағдайлар туралы айтып берді.

Жыл сайын Қазақстанда өндіріс орындарында 200-ден астам адам көз жұмса, мыңнан астам адам түрлі жағдайда жарақат алады. Бұл алдымен жұмысшылардың өміріне қауіп келтірсе, одан кейін облыстағы кәсіпорындарға әлеуметтік-экономикалық шығын әкеледі. Жалпы елімізде орын алатын жазатайым оқиғалардың көбі адами факторлардың кесірінен болады. Дүние жүзінде жыл сайын 2 миллионнан астам адам өндірісте және еңбек қызметі нәтижесінде қаза болады. Осы тұрғыда біздің қоғамда әлі де болса еңбекті қорғаудың маңыздылығы туралы толық түсінік қалыптаспай келеді. Біз еңбекті қорғау, жұмысшылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын облыстағы ірі кәсіпорындарда түрлі кездесулер, түсіндіру шараларын жүргіземіз,
— дейді Қуаныш Қамиев.

Бүгінге дейін Ақтөбе облысында бұл бағытта 920-ға жуық өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау кеңестері құрылып, оларға 1600-ге жуық техникалық инспектор қатыстырылыпты. Сондай-ақ өндірістік жарақаттану деректерінің алдын алуда облыстағы 282 ірі кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізіп, олардың бірқатары Vision Zero бағдарламасына қатысқан. Ал 30-ға жуық өндіріс орнында «Халықтық бақылау» жобасы іске асырылған.

Биыл жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындарда үш адам қаза болыпты. Олардың біреуі «AltynEx Company» акционерлік қоғамында жұмыс істесе, енді біреуі — тазалық жұмысымен айналысатын «Neo Plus» ЖШС-ында еңбек еткен. Ал бір жұмысшы «Р.К. Қалжанова» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс жасаған. Сондай-ақ өндірістік жазатайым оқиғаларының салдарынан 18 адам түрлі жарақат алған. Былтыр мұндай жазатайым оқиғалардан 38 жұмысшы зардап шеккен.

 Жұмыс орнында қаза болған үш жұмысшының біреуі «AltynEx Company» акционерлік қоғамында бас энергетик болып еңбек еткен. Ол жұмыс жасап жатқан кезде құлап, мерт болған. Екіншісі «Neo Plus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшысы биыл 1 қаңтар күні қоқыс жинау кезінде көз жұмды. Ал «Қалжанова» жеке кәсіпкерлігінде «КаМаз» жүргізген жұмысшы көлігімен бірге аударылып, сол жерде жан тәсілім етті.  Мұндай оқиғалардың барлығы абайсызда және асығыс жұмыс жасағанның салдарынан болып отыр. Басқа да себептері болуы мүмкін. Міне, осындай жазатайым оқиғалардың алдын алуда жұмысшылар үнемі еңбек қауіпсіздігін сақтап, сақ болып жүруі керек, — дейді бөлім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы