Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады

12 Мамыр 2023, 18:02
1590
Бөлісу:
Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады
Фото: автордан

Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жасағы екінші маусымға өңір жастарын қабылдап жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 2000 жас еңбекке тартылады. Оның 1200-і Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасы арқылы орман шаруашылықтарына, 800-і абаттандыру және құрылыс жұмыстарымен айналысатын ұйымдарға жіберіледі.

 2 мамырдан бастап «Жасыл ел» жасақтары Ақтөбе қаласы және барлық елді мекендерде өз жұмысын бастады. Бірінші маусымда облыс бойынша 260-қа жуық жас жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы аптадан бастап екінші маусымға жастарды қабылдаймыз. Осы айдың аяғына дейін «Жасыл ел» жасағы мен «Атамекен» құрылыс отряды қатарында еңбек еткісі келетін өңір жастары бізге құжаттарын әкеліп тапсыруы керек. Жұмысқа қабылдану үшін мына құжаттар ұсынылады: жеке куәліктің көшірмесі, медициналық анықтаманың көшірмесі (075 формадағы), оқу орнынан немесе жұмыссыз екені туралы анықтама, Ал 18 жасқа толмағандар үшін ата-аналарының жеке куәліктері мен қолхаты керек, — дейді Нұржан Шаңғытбаев.

Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек ететін жастардың жалақысы артады. Олардың мөлшері 120-130 мың теңге көлемінде болмақ. Сондай-ақ биыл еңбек маусымының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 100 жасқа облыс әкімі атынан Астана қаласына үш күндік тегін жолдама табыс етіледі.

Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, қазір бірінші маусымда Ақтөбе және Шалқар ауданындағы Үлкен Борсық орман шаруашылықтарында — 120, қаладағы санитарлық тазалау, абаттандыру және құрылыс нысандарында 139 жас жұмыс істеп жатыр. 139 жастың ішінде

18-і — «Өтес Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, 25-і — «Батыс Ақтөбе» басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, 22-сі — «Samgau-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, 28-і — «Техносервис KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, бесеуі — «Адал қызмет Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, 11-і — «Нұрлы таң Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, оны — «Ажар Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, 15-і — «Медина» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, сондай-ақ бес жас «Юнион Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етуде. Ал көгалдандыру жасақтары Мағаджан тәлімбағында ағаш тұқымдарын егіп, жазғы маусым бойы оларды күтіп, суарып, арамшөптен тазартады.

 Биыл «Жасыл ел» жасағы сарбаздарының көмегімен қаламыздың санитарлық тазалығы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Атап айтсақ, жаасақ жастары автокөлік жолдарының жиегіндегі қураған ағаштарды кесіп, талдарды әктеп, қоқыстарды жинап, жол бойында орналасқан жол белгілерін сырлайды. Сондай-ақ қала көшелерінің жол жиегін қоқыстан тазартып, бордюрларды әктейді. Қазір біз бұл бағытта жыл сайын өңірімізде өткізілетін «Таза қала – таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Ардагерлерімізді ардақтайық!» сынды акцияларға қатысып жатырмыз. Сондай-ақ облыста өтіп жатқан екі айлық тазалық акциясына да атсалудамыз. Белсенді жастар Мәншүк Мәметова атындағы көшеге ағаш көшеттерін егіп, «Туған қалаңа ағаш сыйла» акциясын өткізді. Бұдан бөлек, сол аумақты қоқыстан, қураған жапырақтардан тазартты, — дейді бірлестік жетекшісі.

Ертең «Жасыл ел» жасағының жастары тағы да кезекті сенбілікке шығады. Бұл жолы олар Ақжар ауылына барар жолды тұрмыстық қалдықтардан тазалайды. Сондай-ақ бірқатар белгіленген аумақтарға ағаш көшеттерін егеді. Бұған дейін олар «Туған қалаңа ағаш сыйла» акциясы аясында Ақтөбе қаласындағы «Үміт» балалар үйінің аумағына ағаштар отырғызған болатын. Белсенді жастар алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы