Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысында қанша адам суға батып кетті?

13 Маусым 2025, 17:03
624
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Ақтөбе облысында бір жасөспірім суға кетіп көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, былтыр осы кезеңде екі адам суға кетіп қалған. Оның біреуі ересек адам болса, біреуі – бала. Ал биыл суға шомылу маусымы басталғалы бір жасөспірім суға кетіп қалған.

Биыл аталған қайғылы оқиға Шалқар ауданы Шалқар қаласында тіркеліп отыр. Оқиға шлюздің маңында болған. Құтқарушылар баланың денесін үш метр тереңдіктен алып шықты, - дейді аға офицер.

Оның айтуынша, департамент мамандары биыл жыл басынан бері 1971 рейдтік іс-шара өткізіліп, оған 5708 адам қатысқан. Түсіндіру жұмыстары басылымдар мен теледидардағы бағдарламаларда жарық көріп жатыр. Сондай-ақ жауапты мекемелер 5 ай ішінде 15 брифинг өткізді. Көшелер мен қоғамдық орындарда да бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Соған қарамастан соңғы жылдары өңірде суға кетіп көз жұматындар саны артып отыр. Мәселен, былтыр бір жылдың ішінде 13 адам суға түсемін деп көз жұмды. 13 адамның алтауы – бала. 

Қазір біз облыс бойынша халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осындай іс-шаралар барысында тұрғындарға 9854 жадынама тараттық, үш арнайы дәріс өткізілді. Оған 5487 оқушы қатысты. Ал ауыл тұрғындарымен өткізілген жиындарда тыйым салынған жерлер туралы ақпарат берілді, - дейді Жанболат Төлепбергенов.

Биыл адамдарды судан құтқару үшін өңірде 133 құтқарушы арнайы оқудан өткен. 

Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша тұрғындарға "Грин Ленд", "Алау", "Тропикана", "BarBQ", "Сазды", "Семейный", "Рахат Глэмпинг", "MIAMI" демалыс орындарында, сондай-ақ аудандарда арнайы коммуналдық орындарда суға түсуге рұқсат етілген.

Өзгелердің жаңалығы