Шалқар ауданында прокуратура органдарында 43 жыл, оның ішінде 18 жыл Қазақ КСР Бас прокуроры болып қызмет атқарған Өтеген Сейітовке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өтеген Сейітов - өз ісінің нағыз кәсіби шебері, саналы ғұмырын қадағалау органының қызметіне және республиканың өзекті мәселелерінің шешілуіне арнаған арда азамат. Ол Қазақстан прокуратурасы органдарының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.
Іс-шараға «Прокуратура органдарының ардагерлер кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әсет Әділхан, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов, облыс прокуратурасының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты. Өтеген Сейітов мемориалдық тақтасының жанындағы саябақта еске алу митингі өтіп, ағаштар отырғызылды.
Тарихи тау тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай Шалқар ауданында ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Аталған іс-шара аудан прокуратурасы қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасты.