Ақтөбе облысында коммуналдық қызметтердің бағасы өсті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсеннің айтуынша, биыл облыста электр энергиясының бағасы шамамен 2 теңгеге қымбаттап отыр.
Біздің департаментке биыл «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тариф пен инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтінімдер келіп түсті. Соның аясында қазір біз осы тарифті бекітіп отырмыз. Бұл өзгерістер компания қызметкерлерінің жалақысының, инвестициялық бағдарламалар мен стратегиялық тауардың ұлғаюына байланысты болып отыр. Осы айдың басында біз қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Онда біз тұрғындар тарапынан айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп, электр энергиясының бағасын қосымша құн салығынсыз есептегенде 8,80 теңге/кВтсағ мөлшерінде бекіту туралы шешім қабылдадық. Осылайша оның бағасы қолданыстағы тарифтен 1,58 теңгеге өсті, - дейді ол.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Ақтөбе облысында бекітілген тарифтер шеңберіндегі инвестициялық бағдарламаның мөлшері 955 млн теңгеге артады. Ал 2023 жылға арналған жалпы инвестиция мөлшері — 1,6 млрд теңге.
Айта кету керек, облыста 2021-2025 жылдар аралығындағы инвестиция мөлшері 17 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы осы өңірдегі тозығы жеткен электр энергиясы желілерін жөндеуге, нормативтік-техникалық шығындарды төмендетуге, сондай-ақ қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға жұмсалады. Мысалы, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 2025 жылға қарай Ақтөбе облысында электр энергиясы желілерінің тозуы 6,2 пайызға төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ нормативтік-техникалық шығындардың үлесі 0,06 пайызға төмендемек.
Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап салқын және ыстық судың да бағасы өседі. Департамент басшысының айтуынша, маусым айының басында өңірде өткізілген қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы тарифтердің жаңа мөлшерін бекіту туралы шешім қабылдаған. Сонымен ажыратып айтсақ, келесі айдан бастап облыста жылумен жабдықтау бойынша орташа тариф бағасы қосымша құн салығынсыз 5926,63 теңге/Гкал құрайды. Өсім — 625,6 теңге. Оның ішінде жеке тұлғаларға арналған орталық жылыту үшін бекітілген төлем құны — 116,91 теңге/м2. Ал ыстық су үшін бекітілген төлем — 163,13 теңге/м3. Жалпы өсім 10,6 және 14,8 теңгеге жетіп отыр.
Ал сумен жабдықтау бойынша орташа тариф құны — текше метріне 179,88 теңге. Бұрынғыға қарағанда 34,4 теңге айырмашылық бар. Оның ішінде жеке тұлғаларға арналған тариф мөлшері — текше метріне 93,55 теңге. Өсім — 12,2 теңге. Сондай-ақ су бұру бойынша орташа тариф құны текше метріне 167,50 теңгені құрап отыр. Бұл тариф құны 21,5 теңгеге қымбаттайды. Ал жеке тұлғаларға арналған тариф құны — 70,52 теңге/м3. Өсім — 6,4 теңге, - дейді Ерлан Дүйсен.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап облыста жылумен жабдықтау қызметі бойынша инвестициялық бағдарлама мөлшері 1,1 млрд теңгеге ұлғайтылады. Жалпы биылғы жылға арналған инвестиция мөлшері — 2,5 млрд теңге. Оның ішінде бюджет есебінен бөлінген қаржы көлемі 929,0 млн теңге болса, қалған 167,3 млн теңгесі — тарифтік кіріс.