Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен отырыста биылғы көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев қазіргі уақытта облыстың үш ірі су қоймасында көктемгі су тасқынын өткізуге арналған сыйымдылық қоры бар екенін баяндады. Атап айтқанда, Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі жобалық мәнінен 32%-дан 54%-ға дейін құрайды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін жанар-жағармай, инертті материалдар қоры дайындалды, елді мекендерде қар шығару жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тұрақты мониторинг жүргізуді, тасқын және еріген қар сулары ағып өтетін көпірлерді, арықтарды, өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстар мен қорғау бөгеттерін тазалауды дайындауды тапсырды.
Су тасқыны қаупі бар әрбір учаске, елді мекендер бойынша іс-шаралар жоспары қажет. Талдауды 26 қаңтарға дейін әзірлеуді тапсырамын. Су тасқыны жағдайын бақылау басты назарда болуы керек, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Бұдан өзге, облыс әкімі шетелдік көліктерді заңдастыру бірреттік шарасын халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Ақтөбе облысында көлік құралдарын заңдастыру басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік мәселе. Халықты ақпараттық қамту барынша жоғары болуы тиіс, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, процесті тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс орталығы мен аудандардағы әрбір ХҚКО-да өз-өзіне қызмет көрсету орындары ашылды, онда мамандар азаматтарға деректерді eGov.kz электрондық порталы арқылы тексеріп, өтінім беруге көмектеседі. Ақтөбе қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы шара аясында автокөлік иелеріне сапалы әрі жылдам қызмет көрсету үшін жұмыс күнін ұзартып, автотұрақтағы орындарды кеңейтті.
Сондай-ақ, жиын барысында әкімдіктерге қоқыс пен қарды шығару, сондай-ақ аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын күшейту тапсырылды.