Қаңтар қақтығысына қатысқандарға үкім оқылды

23 Қаңтар 2023, 22:07
1415
Бөлісу:
Қаңтар қақтығысына қатысқандарға үкім оқылды
Фото: автордан

Бүгін Атырауда Қаңтар қақтығысына қатысқан 27 адамға үкім шықты.Сот азаматтарды кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.

Сот шешіміне сәйкес, азаматтарға 6 жылға дейін жаза тағайындалды. Алайда, 2022 жылғы 2 қарашадағы «Рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, азаматтар өтеуі тиіс жаза жеңілдетілді.

Сондай-ақ, сотталушылардың белгілі мерзімде жазасын өтегендері, «үй қамақта» болғандары есепке алынды. Осылайша 1:30 сағат бойы тік тұрып үкім тыңдағандар, сот залынан бірден үйлеріне шығарылды. 

Кінәлі деп танылғандардың ішінде 19 сотталушы жазасын толық өтесе, 8 азамат әзірге пробация есебіне қойылады. Қатаң бақылауда болатын олар, белгілі талаптарды сақтауы тиіс. Ережені бұзған жағдайда, қамауға алынады.

Сотталушылардың қылмыстық құқықбұзушылық әрекеттері, оқиғаның бүкіл барысы түсірілген бейнетаспамен, куәлардың жауаптарымен, жәбірленушілердің жауаптарымен, сотталушылардың өздерінің кінәларын мойындау жауаптарымен, іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындысымен толықтай өз дәлелін тапты. Сотталушылардың бәрі өз кінәларын мойындап, іс- әрекеттерін саралап отырған баппен келісіп, қылмыстық құжаттардағы дәлелдемелердің ешқайсын дауламай, өздеріне прокурордың ұсынып отырған мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен келісіп, сотқа ұсынған болатын, - деді Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы З.Хамидуллина.

Кінәсі дәлелденген 27 азамат сотқа процестік шығын төлейді. Оның жалпы сомасы 1 млн  300 мың теңге. Бұл тұста да сот, ереуіл кезінде жауапқа тартылмаған басқа да азаматтарды болғанын есепке алып, шығын сомасын 50 пайызға азайтты. Яғни оның тең жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Сонда азаматтардың әрқайсысы 24, 25 мың теңгеден бастап, 61 мыңға дейін процестік шығын өтейді. 

Еске салсақ, 27 азаматқа былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке барып, мүліктерге зиян келтірді, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбай, олардың денсаулықтарына зиян келтірді деген айыптар тағылған еді. 

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге келіспеген азаматтар 15 тәуліктің ішінде аппеляциялық шағым бере алады. 

Өзгелердің жаңалығы