Ақтөбе облысында кемпинг әкімшісін өлтірген адам сотталды

4 Ақпан 2025, 19:48
309
Бөлісу:
Ақтөбе облысында кемпинг әкімшісін өлтірген адам сотталды
Фото: Арман Мухатов - архив

Қанды оқиға өткен жылдың соңында Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда бұл қылмыстық іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. 

Белгілі болғандай, Ақтөбе қаласының тұрғыны ішімдік ішкен күйде Хромтау қаласындағы "Шерхан" кемпингіне барған. Сол жерде кемпинг әкімшісімен сөзге келіп қалып, оған пышақ тәріздес кесетін затпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан кемпинг әкімшісінің оң жақ шап аймағы мен сан артериясы зақымданып, қатты қан кеткен. Ауыр дәрежеде алған жарақатынан әкімші көз жұмған. 

Бұл оқиға 2024 жылдың 8 желтоқсанында болған. Сотталушы Қ. есімді азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни адам өлтіру немесе басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату дерегі бойынша қылмыстық жазаға тартылды. Сот кезінде сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Істі қарау барысында куә болған адамдардың, сарапшының жауаптары, сондай-ақ сараптама қорытындылары жан-жақты сараланды. Сот мәжілісінде сотталушыға прокурор 12 жыл, ал жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындауды сұрады. Осылайша сот үкімімен сотталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды, - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Жансая Таирова.

Айта кету керек, сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушының кішкентай балалары барын және бұрын сотталмағанын есепке алған. Дегенмен сотталушы жәбірленушінің отбасына 10 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндетті. 

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы