Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіп ашу үшін кедергі жоқ. Ақтөбелік Гүлмира Айжарықова мүгедектігіне қарамастан, тігін цехын ашып, нәпақа тауып отыр, деп хабарлады «Хабар 24».
Туғанынан есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жан мемлекеттік бағдарлама аясында грантқа қол жеткізген. Нәтижесінде, бала кезден серігі болған ермегі табыс көзіне айналып, отбасылық бизнесті бастауға мүмкіндік туды. Бұл тігін цехында іс машинасының ғана тырсылы естіледі. Бала күнінен ишаратпен тілдесуі болашақ кәсіпкерге кедергі болмапты. Бизнес негіздерін игеру үшін қызымен бірге арнайы курсқа жазылған. Тігін цехында да қолғабыс етіп жүрген жақыны барлық дәрістерді аударып отырыпты. Нәтижесінде, 555 мың теңге қаражатқа қол жеткізіп, қажетті тігін машинкаларын сатып алған.
Алғашында бұл байқауға қатысуға жүрексіндім. Бірақ, кәсіпкерлік курстарын бітірген соң өз алдыма цех ашу керек деп шештім. Сондай-ақ, әрдайым қасымда қызым болды. Ісім оңға басып, міне, қыркүйектің басынан жұмыс істеп келеміз, - дейді кәсіпкер.Бала күнінен ине мен жіпті серік еткен жан соңғы 8 жыл бойы таныс-тамырларына тапсырыспен қалыңдық жасауын даярлап келген. Тұтынушылардың қатары өскен сайын арнайы бөлме жалдап, цех ашуды көздепті. Алайда, көп жағдайда бастапқы капиталдың болмауы талантты жандарға қолбайлау боп тұрады. Бұл орайда, мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз грант таптырмас көмек. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 193 азаматтың жобасына қаражат бөлінген.
Бүгінгі күні төрт кезең бойынша оқыту аяқталды. Жоспарға сәйкес, 1400 адам оқытылды. Оқыған адамдардың 70%-ы – ауыл тұрғындары, 30%-ы – қаланікі. Соның ішінде бүгінгі күні грантқа, несиеге қол жеткізгендері бар. Алдағы мақсатымыз – сол грант немесе несие алған кәсіпкерлер тауарының немесе қызметінің нарыққа төтеп беруі, - дейді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының директоры Анар Даржанова.Жаңа кәсіп бастауды көздеген жандарды қолдау үшін биыл Ақтөбе облысына шамамен 4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес нысандары өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артып отыр. Аймақтық жалпы өнімнің де 22,1%-ы соларға тиесілі.