Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысында ЭКО жасатуға қанша әйел кезекте тұр?

13 Мамыр 2025, 11:27
488
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Ақтөбе облысында биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 170 квота бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық перинаталды орталықтың бас директорының орынбасары, акушер-гинеколог, репродуктолог Светлана Есенаманованың айтуынша, өңірде 2021 жылдан бері "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша жалпы саны 1365 жұп ЭКО жасатқан. 

Бүгінде облыс бойынша 412 бала дүниеге келсе, бағдарлама арқылы квотаға ие болған 57 әйел жүкті, сондай-ақ былтырғы және биылғы криобағдарламалар жалғасуда. Одан бөлек, 12 мамырдан бастап өңірімізде репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Аталған апталық аясында ерлер мен әйелдердің отбасын жоспарлауы, баланың денсаулығы, ата-ана мәдениетін дамыту, аналардың денсаулық индексін жоспарлау алдында жүктілікті бағалау, жалпы ерлер арасында репродуктивті білім деңгейін көтеру, медициналық көмекке жүгіну стигмасын жеңілдету және олардың отбасын жоспарлаудағы жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылап, жастарға репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңес беру, сондай-ақ адам папиллома вирусының профилактикасы жайлы ақпарат беру көзделген, - дейді ол.

Оның айтуынша, аталған апталық 16 мамырға дейін созылады. Бұл іс-шараларға, әсіресе, жас отбасылар мен отбасын құруды жоспарлап жүрген азаматтар қатысуы керек. 

Бұл апталық сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу, басқа да жыныстық жолмен жұғатын аурулардан сақтану үшін ұйымдастырылып отыр. Бұл орайда дәрігерлер жастармен түрлі кездесулер өткізеді, - дейді репродуктолог.

Айта кету керек, облыстық перинаталды орталықта 2017 жылдан бері жасанды ұрықтандыру бөлімі жұмыс істейді. Онда тегін ЭКО жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы