Ақтөбе облысында ауылда тұратын отбасыға 2,5 мыңға жуық мал берілді

20 Сәуір 2023, 21:50
853
Бөлісу:
Ақтөбе облысында ауылда тұратын отбасыға 2,5 мыңға жуық мал берілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын белсенді іске асыру жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылдық аумақтарды инфрақұрылымдық дамытуға, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағытталған кешенді жоба.

Жобаның бірінші бағыты аясында ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтар базасында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, өнімді қайта өңдеуді жолға қою және кооперативтерді жарақтандыру үшін ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен жеңілдетілген несие беріледі.

Бұдан өзге, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жобаға тауарлық несие беру енгізілді, яғни ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ауыл тұрғындарына ірі және ұсақ мал, жылқы береді.

Бүгінгі таңда облыстың елді мекендерінде тұратын 192 отбасыға 2,5 мыңға жуық мал берілді. Қарыз бірнеше жыл ішінде төлмен қайтарылады. Мысалы, бес жыл ішінде бір сиырға үш бұзаудан қайтару керек. Осы шартты орындау кезінде тауарлық қарыз өтеледі. Бұл – жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, отбасы үшін жаңа табыс көздерін ашуға жақсы мүмкіндік. Түрлі тәуекелдердің алдын-алу мақсатында мал беру кезінде сақтандырылады, шарт жасалады, - делінген хабарламада.

«Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларына тауарлық несие ретінде өнімділігі жоғары 6000 бас асылтұқымды мал беріледі.

Өзгелердің жаңалығы