Ақтөбе облысында асылтұқымды жылқы саны артып келеді

31 Наурыз 2023, 19:58
2018
Бөлісу:
Ақтөбе облысында асылтұқымды жылқы саны артып келеді
Фото: aqtobegazeti.kz.

Бүгінде Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы жақсы дамып келеді. Қазір өңірде 30-дан астам шаруашылық асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық статистика басқармасының деректері бойынша өткен жылы өңірімізде 270 мыңға жуық жылқы тіркелген. Соңғы екі-үш жылда Ақтөбе облысында жылқы өсіріп жатқан шаруаларға мал азығына, мал тұқымын асылдандыруға және қымыз өндіруге субсидия төленді. Өкінішке қарай, биыл субсидия төлеу қысқартылыпты.

Тиімсіз несие және субсидия «жыры»

Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Сарбие ауылының тұрғыны, «Аманат» шаруа қожалығының басшысы Жалғас Сейдагалиевтің айтуынша, биылғы жылға дейін
бірнеше жыл қатарынан облыстағы жылқы өсірушілер мал басына 20 мың теңгеден субсидия алған. Ал биыл белгісіз себептерге байланысты субсидия беру тоқтатылған.

Біздің «Аманат» шаруа қожалығы 2012 жылы құрылды. Міне, он жылдан бері Ойыл өңірінде жылқы өсірумен айналысып келеміз. Менің негізгі мамандығым — құрылысшы. Сондай-ақ заңгер мамандығын да меңгергенмін. Бұрын Атырау облысында құрылыс саласында 10-15 жыл жұмыс жасадым. Қазір Ойыл ауданының орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Сарбие ауылында тұрып жатырмыз. Отбасында келіншегім екеуміз бір ұл, үш қыз өсіріп отырмыз. Шаруашылықтың бар жұмысын өзім атқарамын десе де болады. Қазір қожалықта екі жылқышым бар. Жаз айларында қосымша жұмысшылар, механизаторлар жұмыс істейді. Ауылдың жастары да жазғы демалыс кезінде жалданып, еңбек етеді. Қазір асыл тұқымды жылқы санын көбейтуге ден қойып жатырмын. Қожалықта жалпы саны 400 жылқы, 30-ға жуық ірі қара бар, — дейді шаруа.

Жалғас Сейдагалиев осыдан 10-15 жыл бұрын ауласында небәрі 5-6 жылқысы болғанын айтады. Кейін оның санын көбейтіп, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттен 16 млн теңге несие алып, осы қаржыға басқа өңірлерден жылқы сатып алыпты. Міне, он жылда сол жылқы саны 400-ге жетіп отыр.

Шаруаның айтуынша, 400 жылқының 80-нен астамы — мұғалжар, көшім жылқысы болса, қалғаны — қазақы жабы тұқымы.

Асыл тұқымды жылқылардың саны аз болғанымен, олардың барлығының аталығы — асыл тұқымды. Жалпы жылқы малы үш буыннан соң асыл тұқымдыға айналады, ол үшін кемінде 12 жыл уақыт керек. Болашақта шаруашылықтағы асыл тұқымды жылқы санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, мемлекет тарапынан біз сияқты шаруаларға қолдау көрсетілсе дейміз. Мәселен, біз осыған дейін мемлекеттен жылқы сатып алуға несие алдық. Сол несиені әлі төлеп жатырмыз. «Аграрлық несие корпорациясы» мекемесінің талаптарына сәйкес біз екі жыл демалыс алып, мал санын көбейттік. Алайда несиеге алған жылқыларымыз өсіп-өнгенше, оның 30 пайызын шығындадық. Несиеге төленетін мөлшерлеме құнына келсек, біз жылына 7 миллион теңге төлеп отырдық. Осылайша 2020-2021 жылдары жалпы мөлшері 14 миллион теңге қарызымызды өтедік. Қазір басты қарызымыз, яғни 14 миллион теңгені әлі төлеп жатырмыз. Осы жерде айта кету керек, мен сияқты шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алу өте тиімсіз болып шықты. Себебі несиенің үстіне қосып төлейтін мөлшерлеме сомасы өте көп, — дейді шаруашылық басшысы.

Биылдан бастап Ақтөбе облысында жылқы малына субсидия берілмейтін болды. Ал еліміздің басқа облыстарда субсидия беріліп жатыр. Осыған байланысты облыстағы жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың басшылары алдағы уақытта бейбіт митингке шықпақшы. Себебі олар бүгінге дейін субсидия алу арқылы бірқатар проблемаларын шешіп келген.

Субсидия — ауыл-аймақтағы шаруаларға үлкен қолдау. Осыған дейін мен жылына 3,5 миллион теңгедей субсидия алып келдім. Субсидия жасы үш жастан жоғары жылқыларға ғана беріледі. Өткен жылдары біздің қожалықтағы жылқылар жас болды, яғни, үш жасқа дейінгілерді өсірдік. Сондықтан мен 100 бас жылқыға ғана субсидия алдым. Ал облыста мыңдаған жылқы өсіріп отырғандар жақсы қолдауға ие болды. Олар алған қаржыларын шаруашылықты кеңейтуге, мал азығын дайындауға жұмсады. Мәселен, еліміздің оңтүстік жақтарында еркекшөп, жоңышқа, бидаяқ сияқты шөптер көп егіледі. Ал біз осындай мал азығын дайындауға ертерек қамданбасақ, күз, қыс айларында малға шөп жетпей қалады. Сондықтан шаруашылықтарға осы тұрғыда қолдау болса, жақсы болар еді, — дейді Жалғас Сейдагалиев.

Оның айтуынша, бұған дейін қожалықта үш мың гектар жайылымдық, шалғындық жер болыпты. Өткен жылы шаруа 1600 гектар жерін мемлекетке қайтарған. Себебі ол жер эрозияға ұшыраған, яғни шөп шықпайды.

Қазір шаруашылықта жылқылар төлдеп, шаруа ауыл сыртындағы базына көшуге қамданып жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын шаруашылық басшысы мемлекеттің қолдауымен базына ұңғыма қаздырып алыпты. Мұнда шөп шабуға қажетті барлық техника бар. Тек ауылда соңғы жылдары механизатор мен малшы тапшы болып отыр.

Жылқы өсірген соң, оны сауып, қымыз өндіруді де қолға алғанбыз. Жаз айларында 20-30 бас бие сауамыз. Бір биеден күніне 3-5 литр сүт аламыз. Биыл жылқыларды саууды 20 мамырдан кейін бастаймыз. Қазір мал төлдеп жатыр. Жалпы ауылда жылқы малын өсіру өте қолайлы. Оның еті де, сүті де пайдалы, — дейді қожалық басшысы.

1600 жылқысы бар шаруашылық

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылындағы «Қонысбай» шаруа қожалығы бүгінде асыл тұқымды мұғалжар жылқысын өсірумен айналысады. Қазір қожалықта 1600-ге жуық жылқы, 500-ден астам ірі қара бар.

Бұған дейін аталған ауданда ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген шаруашылық басшысы Мұрат Сатмағанбетов 2006 жылы өзі туып-өскен ауылы маңынан баз салып, қожалық ашқан. Бұл қожалықты бүгінде аудан халқының бәрі біледі.

Жергілікті асыл тұқымды мұғалжар жылқысын алып өсіріп, бүгінде оның саны 1600-ге жетті. Сондай-ақ жылқы өсірумен қатар қазақтың ақбас сиыр тұқымын да көбейтіп жатырмыз. Қазір шаруашылықта 500-дей ірі қара бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын ауыл маңындағы баз аумағына екі қыстау, мал тұратын қора салдық. Ақкөл ауылдық округінің орталығына да соңғы стандарттарға сәйкес баз тұрғыздық. Ол жерде жұмысшылар үшін де, мал үшін бар жағдай жасалған. Базымызда газ, су, жарық бар. Жұмысшыларға арнап жатақхана да салдырдық. Малға арналған қоралардың бәрі автоматтандырылған. Мұнда су да, мал азығы қоры да жасақталған. Жалпы базда барлық жұмыс автоматты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ шаруашылықта шөп шабуға арналған «МТЗ-82», «МТЗ-892» маркалы 7 трактор, «К-700» маркалы екі трактор, екі шөп тиегіш техника бар, — дейді қожалық басшысы.

Мұрат Сатмағанбетов шаруашылықты өз күшімен дамытқанын, дамылсыз еңбек пен маңдай тердің арқасында бүгінгідей жетістікке жеткенін айтады. Қазір қожалықтың бір табын жылқысы Ақтөбе қаласынан 260 шақырым қашықтыққа орналасқан Ақкөл ауылдық округінің маңында жүрсе, енді бір табын жылқысы Қайрақтыда, тағы біреуі Табанкөл, Қонысбай деген жерлерде жайылып жүр.

Бұған дейін шаруашылық басшысы Ақтөбе Тәжірибе стансасы жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ғалым-селекционер, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Серікбай Рзабаевпен бірлесе жұмыс істеген. Қазір сол ғалымның ұлдары Толыбек, Қаныбек Рзабаевтармен бірге асыл тұқымды жылқы санын көбейту мақсатында жұмыстанып жатыр.

Біз жыл сайын осы ғалымдармен бірлесіп, жылқыларға сұрыптау өткіземіз. Болашақта мұғалжар жылқысын бұдан да көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ тағы 500 бас ірі қара алғымыз келеді. Қазір қожалығымызда 5 жылқышы, 4 малшы, екі механизатор, бір механик, екі аспаз, бір жетекші маман — барлығы 16 адам жұмыс істейді. Сәуір айының аяғына таман шөп шабу науқанына тағы 6 механизаторды жұмысқа қабылдаймыз. Одан бөлек, шаруашылықтың құрылыс жұмыстарына жалдап жатқан 4-5 жұмысшымыз тағы бар. Осылайша 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жалақылары жоғары, жатақханада тегін тұрады, 4 мезгіл тамағы тегін, сондай-ақ қаржылай көмек те көрсетеміз, — дейді шаруашылық басшысы.

Мұрат Сатмағанбетов қазір ауылдағы қожалықтарға мал дәрігері керек екенін айтады. Себебі мұндай мамандар ауылдарға барып жұмыс істегісі келмейді. Ауылдан шыққан жастар мал дәрігері болуды қаламайды. Мамандық алып шықса да қалада қалып қояды. Жастарға мемлекет тарапынан ынталандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, Үкіметке тапсырмалар берді. Алайда әлі күнге дейін ауылдағы шаруаларға қолдау аз. Мәселен, осыған дейін облыста көп шаруашылыққа жеңілдікпен күн сәулесінен қуат алатын қондырғы берілді. Ал мұндай мүмкіндікке облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардағы шаруалар қол жеткізе алмады. Олардың қатарында біздің қожалық та бар. Сондай-ақ бұған дейін мемлекеттен мал азығына субсидия алып келген едік, биыл ол да берілмейтін болды. Міне, осы сияқты әр түрлі мәселелер шешілсе, бізге үлкен қолдау болар еді, — дейді Мұрат Сатмағанбетов.

Оның айтуынша, бүгінде шаруашылық жұмысын кәсіпкердің ортаншы ұлы Асыланбек өзі қолға алған. Үлкен ұлы Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден білім алып келіп, қазір облыста абыройлы еңбек етіп жүр. Ал үйдің кенжесі Кенесары Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін аяқтап, биыл қолына дипломын алмақ.

Кейіпкеріміз бүгінде шаруашылық жұмысын дамытып қана қоймай, өзі туып-өскен ауылын көркейтуге де ерекше атсалысып келеді. Мәселен, ол бұған дейін өз қаржысына ауыл балаларына арнап 800 мың теңгеге хоккей кордын, сондай-ақ 700 мың теңгеге мектеп оқушыларына шағын футбол алаңын салып берген. Бұдан бөлек, кәсіпкер Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының, Ақтөбе медресе-колледжінің құрылысына да қомақты қаржы аударған.

Қолыңда бар кезде халыққа шерепетің тиіп, жұртшылықтың алғысына бөленсең, міне, сол — бақыт. Сондықтан мен әрқашан өз туған жерімнің көркеюіне үлес қосуды парыз санаймын. Алдағы уақытта ауылымның ортасына үлкен гүлзар салып бергім келеді. Қазір Ақкөл ауылында кеңес заманында салынған саябақ бар, дегенмен ондағылардың дені ескірген. Жас ұрпақ өсіп келеді, ауылда талантты, еңбекқор жастар көп. Егер соларға үлгі көрсетіп, қамқорлық танытсақ, ертең олар да бізге құрмет-ізетін білдіретін болады. Сондықтан өзім сияқты кәсіпкерлерді туған жерін түлетіп, ауыл жастарына қамқорлық көрсетуге шақырамын, — дейді Мұрат Сатмағанбетов.

Өзгелердің жаңалығы