Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам автокөлік заңдастырылған

20 Сәуір 2023, 17:35
693
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам автокөлік заңдастырылған
Фото: автордан

Ақтөбе облысында бүгінге дейін 8 мыңнан астам шетелдік автокөлік сәтті заңдастырылған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұлов айтып берді.

Оның айтуынша, қазір облыста Ресейден, Армениядан, Белоруссиядан, Біріккен Араб Әмірлігінен әкелінген автокөліктер тіркеліп жатыр.

Тұрғындар Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген көліктерді тіркету үшін egov.kz порталы өтініш беруі керек. Сондай-ақ «Халық банк», «Каспий банк» сияқты екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруіне болады. Содан кейін өтініш берушінің ұялы телефонына Ішкі істер министрлігінің сервисінен, яғни 1414 нөмірінен смс-хабарлама келіп түседі. Егер оң жауап келсе, онда Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жанындағы көлік құралдарының агрегаттарын салыстыруға арналған ангарға баруыңыз керек. Ал теріс жауап келсе, онда облыстық полиция департаменті мамандарына хабарласуға болады. Қазір аталған ангарда 6 автокөлік сыятын орын жасақталған. Онда сарапшы-криминалистер автокөліктер жайлы мәліметтерді деректер базасына тіркеу үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айта кету керек, кез келген адам egov.kz порталы өтініш берген кезінде құжаттарын, заңдастыратын автокөлігі туралы мәліметтерді қатесіз, дұрыс толтыруы керек, — дейді ол.

Орталықтағы ангардан тексерістен өткен соң кез келген автокөлік иесі меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасы мен көлік құралының шетелдік техникалық паспортын орталық мамандарына тапсыруы керек. Содан соң көлікті тіркеу үшін 200 мың теңге бастапқы төлем мен техникалық паспорт үшін 4313 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж төлеуі тиіс. Одан бөлек, мемлекеттік нөмір алу үшін 9660 теңге төлем төлейді. Содан кейін ғана автокөлік иесіне техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі.

Данияр Сарқұловтың айтуынша, 23 қаңтардан бүгінге дейін Ақтөбе облысында азаматтардан автокөлігін заңдастыруға 13 мыңнан астам өтініш түскен. Соның ішінде 6610 автокөліктің есепке қоюға болатындығы белгілі болса, 6570-ке жуығының кепілде тұрғандығы немесе айыппұл төлемегендігі анықталған.

Жалпы облыс бойынша сарапшы-криминалистер 9025 көлікті сәйкестендіруден өткізілді, алдағы уақытта оның бәрі заңдастырылады, оларға мемлекеттік нөмір беріледі. Ал 61 көліктің VIN-коды сәйкес келмеуіне байланысты алдағы уақытта олар сараптамадан өтеді. Бүгінге дейін өңірімізде 8024 шетелдік автокөлік заңдастырылды. Оның ішінде Ресейден әкелінгендерінің саны 6750 болса, 1245-сі — Армениядан, 18-і — Грузиядан, үшеуі — Дубайдан, екеуі Белоруссиядан сатып әкелінген. Жалпы шетелдік автокөліктерді заңдастыру биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады, — дейді полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы.

Қазіргі таңда облыстағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы автокөліктерді заңдастыру үшін құжаттарды жұмыс күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін, ал сенбі күні орталық таңғы сағат 9.00-ден түскі сағат 13.00-ге дейін қабылдайды.

Айта кету керек, өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін Ақтөбе облысына көрші Ресейден 27 мыңға жуық көлік әкелініпті. Ал Армения, Белоруссия, Грузия, тағы басқа елдерден әкелінген автокөліктердің саны әлі белгісіз.

Сәуір айының басында облыстағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен автокөліктерді тіркеу бойынша құжаттарды қабылдау уақытша тоқтатылған болатын. Осыған байланысты тұрғындар арасында бірқатар наразылықтар болды. Әсіресе, аудан тұрғындары құжат қабылдау, автокөліктерді тіркету жұмыстары аудандардағы халыққа қызмет орталықтарында жүзеге асырылса деген тілектерін білдірді.

 Облыс орталығынан 450 шақырым қашықтықта тұрамыз. Ресейден әкелінген ескі көлігімізді тіркету үшін осындай алыс жерге барып, құжат тапсыруымыз керек. Бұл біз үшін үлкен мәселе болып отыр. Себебі осындай қашықтыққа баруға көлігіміз жарамсыз, әрі тіркету кезінде қаншама кезекті күтуіміз керек. Егер азаматтарға жағдай жасап, әр аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығында осындай қызметтер ұсынылса, ауыл тұрғындарына тиімді болар еді. Бір жағынан, ескі көлікке 200 мың теңге төлем төлеуіміз керек, екінші жағынан, қаншама шақырым жүріп көлікті тексерту үшін облыс орталығына баруымыз қажет. Неге мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына жеңілдік жасалмайды? — дейді Ырғыз ауданының тұрғыны Қуанышбек Сүгіров.

Өзгелердің жаңалығы