Ақтөбе облысында 5 тауарлы-сүт фермасы салынады

13 Маусым 2023, 21:01
774
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 5 тауарлы-сүт фермасы салынады
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында 5 тауарлы-сүт фермасын салу арқылы сүтке қажеттілікті толығымен жою жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында ағымдағы жылғы қаңтар-мамыр айларындағы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, мал шаруашылығын дамыту және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. 

2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында бюджеттің атқарылуы мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, есепті кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсім байқалуда. Бюджеттің кіріс бөлігі 167,4 пайызға, шығыс бөлігі 99 пайызға орындалған. 

Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдіктеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді, бұл мәселені қатаң бақылауға алу керектігін нақты тапсырды. 

Біздің міндетіміз - өңір экономикасының өсімін сақтау. Барлығы бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек. Инвестицияларды тартуда жалпы бес айда өсім байқалады, алайда жекелеген аудандар мен Ақтөбе қаласы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отыр. Экономиканы сапалы дамытуға бағытталған инвестиция тартуды жүйелі жүргізу үшін жұмысты тиімді үйлестіру керек, - деп атап өтті облыс әкімі. 

5 айының қорытындысы бойынша мал шаруашылығының нақты көлемінің индексі 101,6%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі - 106,3 млрд теңгені құрады. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау мақсатында биыл 13,2 млрд теңге бөлінді, оның ішінде мал шаруашылығына 6 млрд теңге көлемінде субсидиялар көзделген. 

Жыл сайын көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының аясында мал шаруашылығы саласында өсім байқалады. Сонымен қатар, жылдан жылға асыл тұқымды мал басының үлесі артып келеді. Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 307 қожалық бар. Өткен жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара малдың саны 12%-ға, қой 11%-ға, жылқы 23,5%-ға, түйе 14,3%-ға өсті, - деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Әбтиев. 

Төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету үшін биыл бір жарым жылдық шөп қоры дайындалады – бұл шамамен 2,8 млн тонна. 

Бүгінде облыс ет өнімдерімен толық қамтылған, сүт және сүт өнімдерімен қамтылу деңгейі — 46 пайыз. Облысты сүтпен толық қамтамасыз ету үшін қосымша 25,6 мың тонна өнім қажет. Қазіргі уақытта 3000 бас малға арналған 5 тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. 

Облыс әкімі жергілікті өндірілген сүтпен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік беретін бұл жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. 

Сондай-ақ, өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Бүгінде облыс бойынша «Ауыл аманаты» аясында түрлі жобаларды қаржыландыруға барлығы 1304 өтініш түскен. 11 маусымдағы жағдай бойынша жалпы сомасы 2 млрд теңгеге 441 өтініш қаржыландырылды. Жобалардың жалпы санының жартысынан астамы құс шаруашылығын дамытуға бағытталған. Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысында жергілікті өндірілген құс етімен қамтамасыз ету нарық қажеттілігінің 5,4 пайызы ғана. 

Мәртөк және Хромтау аудандары жеңілдетілген несие алу бойынша алдыңғы қатарда, ал төмен нәтижелерді Әйтеке би және Ойыл аудандары көрсетіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы