Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылында 13 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім сол күні мектепке екінші ауысымға баруы тиіс болған. Алайда сабаққа келмеген соң мұғалімдер оның отбасымен байланысқа шыққан. Кейіннен баланы іздеу жұмыстары басталып, 21 сәуір кешкісін ата-анасы оны үй жанындағы сарайдан тапқан.
Қазіргі уақытта оқиғаның түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Оның ішінде мектептегі жағдайлар да тексерілуде. Нақты себептері анықталуда.
Марқұм оқушы толық отбасында тәрбиеленген. Әкесі мұнай саласында жұмыс істейді, анасы – мұғалім. Отбасында төрт бала бар, ол екінші бала болған. Мұғалімдердің айтуынша, оқушы белсенді, мектеп өміріне қатысқан, ат спортымен айналысқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар жан-жақты тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар мектеп тарапынан қызметтік тексеріс басталды.
Темір аудандық білім бөлімі қайғылы жағдайға байланысты марқұм оқушының отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Қазіргі уақытта балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына ерекше назар аударып, қажет болған жағдайда қолдау шараларын күшейтуде, - деп хабарлады Темір аудандық білім бөлімі.
Қосымша ақпарат тексеру қорытындысы бойынша жарияланатын болады.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында қорадан екі жасөспірімнің мәйіті табылған еді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жамбыл облысындағы трагедия: Бір жыл бойы құлдықта ұсталған оқушының өлімі үшін үкім шықты
Үзіліс кезінде болған: Таразда 10-сынып оқушысы соққыдан көзінен айырылды