Ақтөбе облысы: Су тасқынынан қауіп бар ма

20 Наурыз 2024, 21:28
465
Бөлісу:
Ақтөбе облысы: Су тасқынынан қауіп бар ма
Фото: автордан

Ақтөбе облысындағы 15 елді мекенде су басу қаупі сақталуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Әлішер Сарбаев 20-27 наурызда облыстың оңтүстігіндегі аудандарда ауа райы +10 градусқа дейін жылынатынын жеткізді.

Оның айтуынша, былтыр облыста суға кеткен Ойыл, Қобда аудандарына биыл қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен сақтық шаралары қатаң жүргізілуде.

Былтыр Ойыл ауданының Қаратал ауылы суға кеткен-ді. Биыл күзде бұл ауылға қорғаныс бөгеті салынды, жолдарға жөндеу жүргізілді. Қазір бұл ауылда қауіп барынша азайтылды. Қобда ауданында да қазір қорғаныс шаралары жүргізілуде. Биыл бұл ауданда қорғаныс бөгеттері көтерілді, қосымша 8 шлюз орнатылды. Судың бәрі Үлкен Қобда өзеніне жіберіледі. Сондай-ақ су келсе үйлерді емес, автокөлік жолдарын шайып кетуі мүмкін, - дейді Ә.Сарбаев.

Ал осы бөлімнің бастығы Тарас Коваленконың айтуынша, биыл облыста төтенше жағдайлардың алдын алуда резервтегі қаржы көлемі 3,9 млрд теңгеге жеткен. Ақтөбе қаласына 400 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға бөгеттер салу, су арналарын тазарту, қар шығару, т.б. жұмыстар жүргізілген.

Қазір Ақтөбеге қауіп төніп тұрған жоқ, себебі мұз бен тоң әлі еріген жоқ. Алайда ауа райы лезде жылынып кетсе, Қарғалы мен Елек өзендеріне жақын орналасқан саяжайлар суға кетуі мүмкін.

Бүгінде Ақтөбеде жер тоңының максималды қату тереңдігі — 46 см, ал қар жамылғысының биіктігі — 28 см. Биыл Қарғалы, Елек өзендері бойындағы саяжайларға су кіру қаупі бар. 2017 жылы болған су тасқыны кезінде осы саяжайларда 970 үй суға кетті. Жалпы облыста 36 ауыл су басу аймағына жатады. Оларда 11 319 адам тұрады, - дейді Сарбаев.

Өзгелердің жаңалығы