Ақтөбе облысы шегірткенің «шабуылына» дайын ба?

7 Маусым 2024, 18:01
354
Бөлісу:
Ақтөбе облысы шегірткенің «шабуылына» дайын ба?
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысында шегірткеге қарсы жұмыстарға 100-ден астам техника мен 280-ге жуық адам жұмылдырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел аузында «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген сөз бар. Десе де, биыл ақтөбелік шаруалар мерзімінде егістерін егіп аяқтады. Ендігі мәселе — сол егіндік алқаптарды шегірткелердің құртып кетпеуіне жол бермеу.

Мамандардың айтуынша, шегірткелер жәндігі үйірлі және саяқ болып екі түрге бөлінеді. «Ыршып жүріп ән салатын» шегірткенің саяқ түрінен аса қауіп жоқ. Алайда тұтаса ұшып, қаптай қонатын үйірлі шегірткеден келетін қауіп көп. Үйірлі шегіртке көбейсе, өңірде егіннен егін, шөптен шөп қалмауы мүмкін.

Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Арыстан Жакибаевтың айтуынша, биыл үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының ортасында басталған. Қазір Ақтөбе облысы бойынша он ауданда осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Биыл облыс бойынша үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалпы аумағы 784 398 гектарға жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде өңделетін жердің 777 198 гектары — италиялық шегірткеге, 7200 гектары — азиялық шегірткеге қарсы. Химиялық өңдеу жұмыстарына жалпы саны 105 техника жұмылдырылады. Оның 24-і аэрозольды генератор болса, 64-і — жер үсті бүріккіші, 12-сі — жеңіл авиация, бесеуі — аса жеңіл авиация. Қазір үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына қажетті препараттар алынып, аудандарға жеткізілді. Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Темір, Хромтау, Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би аудандарында 44 жер үсті бүріккіші мен аэрозольды генератор, 6 ұшақ, бір жеңіл ұшақ химиялық өңдеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарды мердігер мекемелер —«Бағжан» жеке кәсіпкерлігі, «ЗапКазФумигация», «Защита растений-К», «Магтоксин», «Агро» авиокомпаниясы», «Самғау Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп жатыр, — дейді Арыстан Жакибаев.

Көп жылдық зерттеулерге сүйенсек, үйірлі шегірткелердің шарықтау шегіне жетуі 10-12 жылда қайталанып отырады екен. Осы орайда биыл өңірде шегірткелерге қарсы күрес бойынша облыстық және аудандық штабтар құрылды. Қазір штабтар жоспарға сәйкес жұмыс жасап жатыр. 

Былтыр италиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары облыстың Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар, Ойыл, Темір, Хромтау аудандарында жүргізілсе, биыл Ақтөбе қаласы және барлық дерлік аудандарда жүргізу жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысы шегірткенің «шабуылына» дайын ба?

Ақтөбе облысы бойынша аса қауіпті зиянды организмдердің мониторингтік іс-шаралар жоспары 6 370, 761 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу 46 100 гектарға жоспарланса, мониторингтік іс-шаралар жоспары 226,3 мың гектарға бекітілген.

Биыл біз шекаралас аймақтармен бірлесіп, тексеру және химиялық өңдеу жұмыстарын сапалы, уақытылы жүргізу мақсатында екі жақты ынтымастық келісім шарттарға қол қойдық. Олардың қатарында көршілес Қостанай, Ұлытау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары бар. Үйірлі шегірткелер бойынша мониторингтік анықтау жұмыстарын уақытында және сапалы жүргізу үшін республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығынан анықтаушылар мен автокөліктер жалға алынды. Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы тексеру, өңдеу жұмыстары уақытылы жүргізілмеген жағдайда ауыл шаруашылық жерлеріне (егістік, жайылым, шабындық) орасан зор зиян тиюі мүмкін. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жалпы көлемі 784 398 гектарға мемлекеттік сатып алулар жүргізуде, — дейді бас маман.

Оның айтуынша, биыл шегірткеге қарсы жұмыстар жүргізуге облыс бойынша жалпы саны 280-ге жуық адам жұмылдырылуда. Оның 82-сі штаттық маман болса, 65-і — республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын азаматтар, 126-сы — жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылғандар.

2 маусымдағы жағдай бойынша бүгінге дейін Ақтөбе өңірінде 166 319 гектар жер шегірткеге қарсы өңделді. Атап айтсақ, Алға ауданында — 12 895 гектар, Әйтеке би ауданында — 0,035 мың гектар, Байғанин ауданында — 3 205 мың гектар, Мұғалжар ауданында — 18 926 гектар, Ойыл ауданында — 35 875 гектар, Темір ауданында —19 611 гектар, Шалқар ауданында — 36 300 гектар, Ырғыз ауданында — 31 908 гектар, Қобда ауданында — 1850 гектар, Хромтау ауданында 5715 гектар алқап өңделді. Қазіргі уақытта 39 жер үсті бүріккіші, 18 аэрозолдық генератор, 6 ұшақ және бір жеңіл ұшақ химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді ол.

Белгілі болғандай, биыл облыста шегірткелердің дернәсілдерінің жер бетіне шығуы алғаш Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл аудандарында тіркелген. Одан кейін мамыр айының басында Байғанин ауданының Көлтабан ауылдық округінде, Шалқар ауданының Шалқар ауылдық округінде, Темір ауданының Саркөл ауылдық округінде, Ойыл ауданының Көптоғай, Берсиев, Ойыл ауылдық округтерінде пайда болған. Ал Қобда ауданының Құрманов, Темір ауданының Саркөл ауылдық округтерінде италиялық шегірткелердің дернәсілдері табылған.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің айтуынша, биыл облыста фитосанитариялық жағдайды жақсарту және саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында облыстық бюджеттен 304,5 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу процестері ұйымдастырылған. Өткізілген конкурстың қорытындысы бойынша «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС жеңімпаз болып, бүгінде шартта көрсетілген мерзімдерде қызмет көрсетуге келісім жасалған.

Жалпы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі басқарманың тұрақты бақылауда, — дейді ол.

Айта кету керек, мамыр айының аяғында облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәртөк, Әйтеке би, Ырғыз аудандарын

аралап, елді мекендерде шегірткелерге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп кеткен болатын. Жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеп, химиялық өңдеу жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды.

Шаруалармен кездесу барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Құсайын Сәрсенбай биыл өңірде 747,3 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланғанын, оның дені дәнді дақылдар екенін, қазіргі таңда облыс бойынша 470,0 мың гектар жерге жаздық егіс егілгенін жеткізді. Ол егін егу жұмыстарын жүргізуде ешқандай мәселе туындамағанын да атап өтті.

Шалқар аудандық аумақтық инспекция басшысы Қайрат Наурызғалидың айтуынша,

биыл бұл ауданда 8 ауылдық округте шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүруде. Оған жер үсті бүріккіш пен 11 автокөлік, әуемен өңдеу жүргізетін бір «АН-2» маркалы ұшақ жұмылдырылған.

Биыл аудандағы көп елді мекенде шегіртке дернәсілдерінің таралуы байқалды. Сондықтан 15 мамырдан бастап италиялық шегірткеге қарсы улы химикаттармен улау жұмыстары басталды. Мәселен, бүгінге дейін Айшуақ ауылдық округінің Бүйрек, Сынтас, Көлқұдық, Сорқұдық, Шиліқұдық, Атақожа аталатын жерлерінде — 14 400, Есет Көтібарұлы ауылдық округінің Алақозы, Сартабан, Аққора, Құлтай, Итжемес, Баймағанбет, Таңқұдық мекендерінде — 7600, Жаңақоныс ауылдық округінің Жүндіқұдық, Тәжқоңыр, Сартабан аталатын жерлерінде 2400 гектар жер химикаттармен өңделді. Ал Кішіқұм ауылдық округінде — 6500, Шалқар ауылдық округінде — 13 000, Шалқар қаласы Шыман ауылы Үлкен борсық орман шаруашылығы мен Жаңабаз, Мехбаз баздарында 10 200 гектар жер өңделді. Аудан бойынша биыл барлығы 61 700 гектар жер өңделуі керек. Бүгінде өңделген алқаптың аумағы 54 100 гектарға жетті, — дейді Қайрат Наурызғали.

Жалпы, қазіргі басты міндет — өңдеу жұмыстарының тиянақты жүргізілуі. Ол үшін жауапты мамандар күні-түні дамыл таппай, еңбектенуде. Ауыл шаруашылығының басты жауы саналатын шегірткенің таралуына жол берілмей, оларды жою жұмыстары өңірде ойдағыдай жүргізілсе, бұл мәселе де ұмытылары сөзсіз...

Өзгелердің жаңалығы