Ақтөбе мектептеріндегі орын тапшылығы қашан шешіледі?

13 Наурыз 2024, 18:17
308
Бөлісу:
Ақтөбе мектептеріндегі орын тапшылығы қашан шешіледі?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында орта білім беретін мектептердегі орын тапшылығы әлі жойылмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңірде бірнеше жылдан бері үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі әлі шешілмей келеді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы мектептерде оқушы орындарының тапшылығы 11 720 болса, ауылдарда – 4120 орын.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, қазір облыста осы мәселені шешуде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жобаның аясында алдағы жылдары өңірде жаңа мектептер салынады.

 Бүгінде өңірдегі білім алушылардың контингенті 180 716 оқушы болса, оның 134 983-і қала, 45 733-і ауыл мектептерінде оқиды. Бүгінде облыста 5 апатты, 3 үш ауысымды мектеп бар, сондай-ақ 60 мектепте орын тапшылығы орын алуда. Аталған ұлттық жоба аясында 14 900 орынға 18 мектеп салынады. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында - 13, Темір ауданында - 2, Мұғалжар, Мәртөк, Шалқар аудандарында бір мектептен ашылады. Жайлы мектептердің басқа білім беру ұйымдарынан айырмашылығы – олар бірыңғай стандарт бойынша жобаланып, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар стандартқа сай болады, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер парталар қойылып, тынығу алаңдары жасақталады. Оған қоса, онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдай жасалады, - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде облыста білім беру орындарында 15 мыңға жуық оқушы орны ашылып, тапшылық жойылады, білім теңсіздігі қысқартылып, сапаны арттыруға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру барысында өңірдегі жаңа мектептерде алдын ала болжам бойынша 2008 бос жұмыс орны пайда болады. Қазіргі таңда жайлы мектептердің директорларын, олардың орынбасарларын алдын ала анықтап, педагогикалық ұжымдарды жасақтау қолға алынуда.

Жаңа мектептерге директорлар «Білім берудің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында құрылған кадрлық резерв есебінен тағайындалады. Бұл жобаны іске асыру үшін қажетті Үкіметтің қаулылары мен ведомстволық бұйрықтары бар. Бұл жобаға қатысатын тұлғалар бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Атап айтқанда, кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін қарап іріктеу, оқыту курстарынан өткізу, алдыңғы қатарлы білім ордаларынан тағылымдамадан, әңгімелесуден және сертификаттаудан өту. Осы кезеңдердің барлығынан сүрінбей өткен кандидат кадр резервінің базасына енгізіліп, бір жыл бойы облыста мектеп директоры лауазымына конкурссыз орналасу құқығына ие болады. Өткен жылы осы жоба аясында облыс бойынша 13 кандидат резервке алынып, қазіргі таңда екеуі білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурссыз тағайындалды, - дейді Жайық Сұлтан.

Бүгінде өңірдегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бақылайды. Аталған басқарманың басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында жалпы құны 90,8 млрд теңгеге 18 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 4 мектеп - 2000 орындық, 1 мектеп - 900 орындық, 7 мектеп - 600 орындық және 6 мектеп - 300 орындық. Биыл 14 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға тиіс. Ал 10 мектептің құрылысы биыл 1 қыркүйекте, 4 мектептің құрылысы жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізуде біршама қиындықтар бар. Оны жасырмаймыз. Мәселен, кестеден артта қалу жобалық шешімдердің өзгеруіне, жер учаскесінің орналасқан жерінің өзгеруіне және типтік жобаның болмауына байланысты болып отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуде 4 жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды, ал 10 мектептің құрылысы бойынша жоба әзірленуде, жуырда сараптама қорытындысы алынатын болады. Жол инфрақұрылымы және абаттандыру бойынша тапсырыс беруші қала, аудан әкімдіктері тарапынан бір жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды, тағы 13 жоба бойынша жобалық жұмыстар әзірленуде. Аталған жол инфрақұрылымы және абаттандыру бойынша қала, аудан әкімдіктері биылғы наурыз айындағы кезекті облыстық бюджетті нақтылауға дейін сараптаманың оң қорытындысын алуды қамтамасыз етуі қажет, - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Ержан Мұздыбаев.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданындағы бір мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмай отыр. Оған себеп - жер учаскесі мәселесінің шешілмеуі. Бүгінде Ақтөбе қаласы әкімдігі жер учаскесін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жоба бойынша қаражат наурыз айындағы кезекті қалалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылатын болады. Ал 2025 жылы аяқталуы тиіс қалған 4 жобаның ішінен 3 жоба бойынша жер теліміне байланысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Осылардың ішінде бір жоба бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан жер телімін бөлу туралы қаулы ұсынылмады. Екі жоба бойынша Үкіметке жобаларды ауыстыру бойынша ұсыныс енгізілді. Салалық министрлік бұл ұсынысты қолдады. Қазіргі таңда бұл нысандар бойынша жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары басталды, - дейді Ержан Мұздыбаев.

Сонымен алдағы екі жылда Ақтөбе облысында мектептердегі орын тапшылығы жойылады деп жоспарлануда. Ең бастысы, «Жайлы мектеп» жобасы өз уақытында және сапалы жүзеге асырылып, балалардың жаңа мектепте оқуына мүмкіндік жасалса болғаны...

Өзгелердің жаңалығы