Ақтөбе ауылдарында медициналық нысандарды қайта жөндеу жұмыстары басталады

23 Қараша 2022, 09:25
796
Бөлісу:
Ақтөбе ауылдарында медициналық нысандарды қайта жөндеу жұмыстары басталады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында ауылдық жерлердегі медициналық мекемелерді қайта жаңғыртудан өткізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі барлық ауылда медициналық мекемелер бар. Дегенмен  48 ауылдағы медициналық нысандар бейімделген орындар мен ғимараттарда орналасқан немесе жаңартуды қажет етеді.   

Аталған  мәселені шешу үшін облыс әкімі ауылдық округтердің аумағында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың медициналық пункттеріне халыққа қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұдан басқа, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың жаңа ғимараттарын салу кезінде үлгілік жобалар пайдаланылады.   

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысы мен әл-ауқатының деңгейін жақсартумен қатар, медициналық көмекті қолжетімді ету – басты міндеттер қатарында. Сондай-ақ, сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету, шағын жинақталған ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру мәселесі жүйелі түрде шешілуде. Біздің мақсатымыз – ауылды өркендету, бұл – бүкіл өңірді дамытудың кепілі, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.   

Бұдан өзге, жиын барысында облыс әкімі су ресурстарын пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңа су шаруашылығын дамытуға қатысты облыстық жол картасы бекітіледі, онда жаңа бөгеттер мен су қоймаларын салу, қолда бар су объектілерін күтіп-ұстау жөніндегі шаралар көзделмек. 

Өзгелердің жаңалығы