Ақтаудағы Абыл Тарақұлы атындағы балалар музыка мектебінің педагогтары жалақы мен демалыс төлемдерінің уақытында берілмегеніне шағымданды. Олар Маңғыстау облысы әкімінің Telegram-чатында жариялаған үндеуінде 15 маусымнан бастап жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыққанымен, осы уақытқа дейін тиесілі қаражатты алмағандарын мәлімдеді, деп хабарлады Lada.kz.
Мұғалімдердің айтуынша, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс төлемі еңбек демалысы басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Алайда төлемнің нақты мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, уәде етілген күндері де қаражат түспеген.
Педагогтар төлемнің кешігуі көптеген қызметкердің қаржылық жағдайына әсер еткенін айтады. Олардың арасында несие төлейтін, коммуналдық қызметтер мен басқа да міндетті шығындары бар азаматтар көп. Осыған байланысты олар демалыс ақысы мен жалақыны шұғыл төлеуді, сондай-ақ заңнамаға сәйкес кешіктірілген төлем үшін өтемақы төлеу мәселесін қарауды сұрады.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы мектепте 124 педагог жұмыс істейтінін хабарлады. Оның ішінде 15 маусымнан бастап еңбек демалысына шыққан 40 мұғалімнің демалыс төлемі, жалақысы және сауықтыру жәрдемақысы толық есептелген.
Ведомствоның мәліметінше, барлық төлем құжаттары қазынашылық органдарына жолданған. Қазіргі таңда олар өңдеу кезеңінде тұр. Қаржыландыру түскеннен кейін барлық қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде төленеді.