Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтауда шаяндар қырылып жатыр: тексеру нәтижелері жарияланды

17 Маусым 2025, 23:59
556
Бөлісу:
 lada.kz
Фото: lada.kz

Ақтаудағы жағалау бойында шаянтәрізділердің өліміне байланысты жүргізілген тексерудің алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы Балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау қызметінің мәліметінше, 17 маусым күні мамандар 14-шағынаудан жағалауында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде шаянтәрізділердің жеке ұсақ даралары мен фрагменттері табылған, алайда жаппай қырылу жағдайы анықталмаған.

Мамандар бұдан бөлек 5А, 7А және 9А шағынаудандарындағы жағалауды да тексеріп шықты. Бұл учаскелерде де ұқсас жағдай тіркелді, бірақ мұнда оқшауланған өлі шаянтәрізділер ғана байқалған. Қызмет мамандары фаунаның бұл деңгейдегі өлімі үлкен экологиялық қауіп тудырмайтынын айтып отыр. Дегенмен, жағалауда қалдырылған тұрмыстық қоқыстың көп мөлшері экологиялық мәдениеттің төмендігін көрсетеді.

Сонымен қатар, экологтар су құрамын анықтау мақсатында зертханалық талдау үшін су сынамаларын алды. Бұл зерттеулердің нақты нәтижесі жақын арада жарияланбақ.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде 7, 9 және 14-шағынаудандардың жағалауында таяз суда өлген шаянтәрізділердің суреттері тараған болатын. Осыған байланысты қоғамда алаңдаушылық туындап, түрлі болжамдар айтылды.

Мәселе бойынша пікір білдірген “ECOJER” қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы, сондай-ақ ҚР Экология министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов шаянтәрізділердің өліміне ауа мен судың температуралық ауытқуы немесе антропогендік әсер себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Қазіргі уақытта нақты себепті анықтау мақсатында экологиялық сараптама жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы