Ақтаудағы МАЭК кәсіпорнында тұз қышқылы шашырап, екі жұмысшы зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZLada.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні шамамен сағат 10:30-да өндірістік цехтардың бірінде болған.
Алдын ала дерекке қарағанда, жұмысшылар жабдықты қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген. Процесс аяқталып, сорғы тоқтатылғаннан кейін шлангты шешу кезінде тұз қышқылы ерітіндісі сыртқа атқылап шыққан. Соның салдарынан қышқыл шашырап, жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.
Зардап шеккендер дереу облыстық ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілді.
Еңбек инспекциясы өкілдері жұмыс беруші бұл жағдай туралы тиісті тәртіппен хабарлағанын атап өтті. Қазір жарақаттың ауырлық дәрежесіне қатысты медициналық қорытынды күтіліп отыр. Егер оқиға ауыр немесе топтық жазатайым жағдай ретінде расталса, мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тексеріс жүргізіледі.