Ақтау қаласында кейбір үйлер жылусыз қалды

17 Желтоқсан 2023, 19:05
556
Бөлісу:
Ақтау қаласында кейбір үйлер жылусыз қалды
Фото: Артём Чурсинов

Ақтау қаласындағы 12 шағын аудандағы №42, 47, 32, 34 үйлердің тұрғындары жылусыз отыр. Жауаптылпр жылу жеткіліксіздігінің бірнеше себебін анықтап, жұмыстарды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев тұрғындарды сабырға шақырып, мәселені тез арада шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

12 шағын аудандағы №42, 47, 32, 34 тұрғындары бейнежазба жазған болатын. Біз алдынан бері қалада жылу желілеріне реттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір 12 ш/а №42, 47, 32 үйге барып тексеріп шықтық. Кейбір пәтерлерде жылу бар болса, кейбірінде жылу жеткілікті деңгейде еместігін көрдік. Жылудың айналымында (циркуляция) мәселе бар. Қазір соны реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар көптеген үйде тұрғындарымыз пәтерішілік жылу жүйесін өзгерткенін байқадық. Мәселен, кейбір тұрғындар батареяны балконға шығарған, айналма (перемычка) құбырлары жоқ. Айта кететін жайт пәтер ішіндегі батарея жарылған жағдайда, оған меншік иесі өзі жауапты. Тұрғындар үйді күтіп ұстауға жауапты мекемемен (ПИК, МИБ) байланыста болып, ортақ жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мәселе толығымен шешіледі. Жылу мәселесін бірлесіп жұмыс істеген кезде ғана шешілетіндігін жеткізгім келеді. Барша тұрғындарды сабырлыққа шақырамын. Қазір көптеген нысанда жылуды артығымен (перегрев) пайдалану фактісі анықталуда, аталған мәселені қарастырып, жылу қысымын реттеп жатырмыз. Соңғы кездегі туындаған жылу мәселесі магистральдық құбырдағы апат кесірінен болды. Ол үшін реттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Сондықтан түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз, - деді ол.

Ал, Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері аталған үйлердің кейбіріне жылу келіп тұрғанын жеткізді.

12 ш/а №42, 47, 32 тұрғын үйлердің кейбір пәтерлерін тексеру жұмыстары барысында пәтерлерге жылу келіп тұрғаны анықталды. Пәтердің ішіндегі батареяларға келген жылу 42, 44 градусты көрсетіп тұр. Үйлердің жылу тораптарында тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ол жерде реттеу жұмыстарын жүргізу қажет екені белгілі болды. Үйге қызмет көрсетуші мекемеге жылуды реттеу бойынша тиісті тапсырма берілді, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Аслан Сәбитов.

Өзгелердің жаңалығы